Жыл басынан есірткі саудасына қатысты 17 студент ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 7 айда ел бойнша 4,2 мың есірткі қылмысы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9 пайызға аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking ресурсына сілтеме жасап.
None

Ranking дерегінше, есірткіні заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау қылмыстары көп тіркелген. Бұл бағытта 1,1 мың заңсыздық анықталған. Сонымен қатар биыл құрамында есірткі заттары бар және тыйым салынған өсімдіктерді өсіру фактілері жиілеген. Мұндай 193 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылға қарағанда 7,8 пайызға көп.

Өңірлер арасында есірткі қылмысы бойынша елорда көш басында тұр. Мұнда 7 ай ішінде 444 факті анықталған. Одан кейін Алматы қаласы мен (382 қылмыс) және Жамбыл облысы (352 қылмыс) орналасқан.

Мәлім етілгендей, есірткі қылмысына баратын азаматтардың көбі – жұмыссыздар. Биыл мұндай санаттағы 2 мыңға жуық адам анықталған. Ал есірткі тұтынған, дайындаған немесе оны сатқандар арасында 206 адамның жұмысы бар болса, 17-сі оқу орындарында білім алады, 12-сі жеке кәсіпкер және төртеуі мемлекеттік қызметші болған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен үш студент ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram