17:17, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Жыл басындағы бюджет қаражатының игерілмеген сомасы 13 млрд. теңгеден асқан
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жыл басындағы бюджет қаражатының игерілмеген сомасы 13 млрд. теңгеден асқан. Бүгін ҚР Парламенті Сенатынында «Қазақстан дамуының қазіргі жағдайындағы фискалдық-бюджеттік саясаттың рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дүниежүзілік экономикалық проблемалар салдары Қазақстан экономикасына да салқынын тигізді. Негізгі көрсеткіштер қарқыны баяулап, экспорттық тауарлар бағасы төмендеді. Бизнес белсенділігің төмендеуі салықтардың түсуіне де әсерін тигізді. Сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымды пайдалану проблемасы әлі де ақырына дейін шешімін таппай отыр. Мәселен, 2009 жылғы қаңтардың 1-інде бюджет қаражатының игерілмеген сомасы республикалық бюджет бойынша 13 млрд. теңгеден асқан», деді М. Көпеев.
Сенатордың пікірінше, мемлекеттік қаржы саясаты тиісті дәрежеде ықтияттылықпен қалыптастырылуы қажет. Оның үстіне бұл бағытта дүниежүзілік экономикалық дамудың теріс жақтарын қоса алғанда, барлық амалдар, жағдаяттар ескерілуі керек. «Бүгінгі күні елдің қаржы-экономикалық саясаты қолда бар мүмкіндіктің бәрін барынша жоғары деңгейде пайдалануды қажет етеді», деді М. Көпеев.