Жыл қорытындысы: Әлемдік 7 басты оқиға

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан жыл қандай оқиғаларымен есте қалды? «ҚазАқпарат» ХАА 2016 жылы әлем қоғамдастығын алаңдатқан басты жеті оқиғаны назарларыңызға ұсынып отыр. Біздіңше, Ұлыбританиядағы референдум, Түркияда төңкеріс жасау әрекеті, АҚШ пен Өзбекстандағы президент сайлауы, Брюссель мен Ниццада орын алған теракт, сондай-ақ Түркияда Ресей елшісін өлтіру фактісі ең көп талқыланған тақырыптар болып саналады.
None
None

Еуропадағы терактілер

Ағымдағы жыл 2015 жылдың қарашасында Парижде терактілерді жасаған күдіктілерді іздестіру аясында Бельгияда полицейлік рейдтермен басталды, ал кейіннен Брюссельде, Ницца шаһарында және бірқатар германдық қалаларда  қанды лаңкестік акциялармен жалғасты. 22 наурыз күні Бельгия үшін ең қаралы күндердің бірі болғаны аян.

Еске салсақ, лаңкестік оқиғасы 22 наурыз күні таңертеңгі уақытта орын алған. Жанкешті терроршылар Брюссель әуежайының ұшырылым залында екі жарылыс жасады. Тағы бір лаңкестік «Маэльбек» метро стансасында орын алды, оның жанында еуропалық институттар ғимараты орналасқан. Ресми деректерге сәйкес, лаңкестік салдарынан 300-ден астам адам зардап шекті. Терроршыларды қоспағанда, қаза тапқандар саны - 30 адам. 

Араға төрт ай салып лаңкестік соққының жаңа толқыны курорттық Ницца қаласында орын алды. Францияның ұлттық мерекесі, яғни, Бастилияны алу күні Ницца қаласында қанжоса теракт болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 22.30-да (Астана уақытымен 02.30)  үлкен жүк көлігі Ницца қаласындағы Променад дез Англэ жағажайында отшашуды тамашалаған қалың халықты басып, жаншып өте шығады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, халық алдымен жүк көлігі өзінен өзі жүріп кетті немесе оның жүргізушісі есінен танды деп ойлаған. Алайда, барынша көп адамды басып өлтіру үшін жүргізуші халық көп тұрған жерді басып, жылдамдықты арттырғанын білгенде, жапатармағай қаша жөнеледі. Анықталғанындай, террорист жүк көлігімен 2 шақырымға жуық жер жүріп, қаншама адамды басып кеткен соң, қарудан оқ жаудыра бастаған. Жүк көлігінің жүргізушісін полиция атып өлтірді. Терактіде 86 адам қаза тапты, тағы 308 адам жарақат алды.

ДАИШ лаңкестік тобы екі лаңкестік актілер үшін жауапкершілікті мойнына алды

 

Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына қатысты референдумы

24 маусымда таңертең Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын жақтайтындар референдумда жеңіске жеткені белгілі болды. Референдум дауыстарын санаудың нәтижесінде елдің ЕО-дан ат құйрығын үзгенін қалап 17 млн. 410 мың 742 адам (51,89 пайыз), ал оларға қарсы 16 млн. 141 мың 241 адам дауыс берді.

Бұған қоса, S&P рейтингтік агенттігі Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына байланысты орын алатын саяси, қаржылық және экономикалық қауіп-қатерлер жақын арада елдің несиелік рейтингін төмендетеді деп болжайтындығын білдірді.

Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмерон референдумның қорытындысына байланысты өзінің отставкаға кететіндігі жайлы хабарлады. «Мен премьер-министр ретінде жақын айларда кеменің хал-ахуалын жақсарту үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым, бірақ, менің ары қарай осы кеменің капитаны ретінде қалуымның жөнін көріп отырған жоқпын», - деді Кэмерон.

Германияның Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер мен осы елдің вице-канцлері Зигмар Габриэль Ұлыбританиядағы референдумның қорытындысына көңілдері толмайтындықтарын ашық айтты. «Таң ата Ұлыбританиядан жеткен жаңалық шынымен де естен тандырды. Бұл Еуропа мен Біріккен Корольдік үшін ең қайғылы күн сияқты», - деп жазды Штайнмайер ГФР СІМ-нің шағын блогында.

  

Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекеті

Шілденің 16-ына қараған түні бауырлас Түркия елінде қорқынышты жағдай орын алды. 15 шілде күні сағат 22.00-00.00  аралығында Анкара мен Ыстамбұл қалаларында хаос орнап, халық әуеде әскери ұшақ, көшеде танктерді көре бастаған. 16 шілде күні шамамен түнгі сағат 02.00 кезінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім етті.

Бүлікшілер биліктің мемлекеттік органдары ғимараттарын, әскери штабтарды, алдыңғы қатарлы БАҚ редакцияларын, көліктік желілерді, байланыс нысандарын басып алуға тырысты. Кейіннен Анкара және Ыстамбұл прокурорлары төңкеріс жасауға қатысы бар әскерилерге қарсы шұғыл әрекеттер жасады, сондай-ақ бұл жағдай толық бақылауға алынды.

Сонымен бірге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қауіпсіз жерде екені, кейін мәлімдеме жасайтыны хабарланды. Кейінірек Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізді. Түркия президенті халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырып, бұл төңкерісті ұйымдастырмақ болған топтар заңның қатаң талаптары бойынша жауапқа тартылатынын айтты.

Бүлікшілердің іс-қимылына тосқауыл қойылғаннан кейін, үкіметте, әскер қатарында, полицияда, сондай-ақ арнайы қызметтер қатарындағы қызметкерлер арасында  жаппай тазарту шаралары жүзеге асырылды.

 

АҚШ-тағы сайлау

АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партия атынан кандидат болған Дональд Трамп қажетті сайлаушылар дауысын жинады. АҚШ-тың сайлау жүйесі күрделі екені белгілі. 8 қарашада америкалықтар өз дауыстарын қағаз жүзінде нақты кандидатқа емес, сайлаушыларға берген болатын. Жалпы Сайлаушылар алқасында 538 сайлаушы бар, АҚШ президенті атануы үшін кандидаттарға сайлаушылардың кемінде 270 дауысын жинауы қажет еді. 40-тан астам штаттардың нәтижесі бойынша Д.Трамп 278 дауыс жинады.

Бизнесмен-миллиардер Дональд Трамп сенаторлар Тед Круздың және Марко Рубионың, Огайо губернаторы Джон Кейсиктің және басқа да отыз кандидаттардың алдын орап, 2016 жылы 19 шілдеде Республикалық партия атынан ресми кандидат болды.

Оның сайлаудағы басты бәсекелесі, демократ Хиллари Клинтон осы тартысты додада жеңіліс тапты. Трамп «америкалық арманды» жаңартуға жұмыс істейтінін айтты. Миллиардер АҚШ мүддесін бәрінен жоғары қоюға уәде берді.

Бұдан басқа, Трапм Хиллари Клинтонның да рөлін атап өтті. «Америкалықтар елдегі қызметі үшін оның алдында қарыздар»- деді ол. Жеңісімен аяқталған президенттік науқан, Трамптың айтуынша, тек қана науқан емес, халықтың қуатты қозғалысы болды. Республикалық жұмысына дереу кірісуге әзір екенін айтты. Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон сайлауда жеңілгенін мойындады. Ол қарсыласына хабарласып, оны жеңісімен құттықтады. Осы орайда Нью-Йорктегі Джейкоб Джевитс Конференц-орталығындағы Клинтон штабына мыңдаған адам жиналғаны есімізде.

  

Өзбекстандағы сайлау

Желтоқсанның басындаӨзбекстан Президентінің міндетін атқарушы, Премьер-Министр Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысы сайлауында 88,61% дауыспен жеңіске жетті. Мирзиеевке сайлауға қатысқандардың 15 млн. 906 мың 724-і дауыс берді.

Сайлауға төрт үміткер қатысты - президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеев Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы атынан түсуде, Хатамжон Кетмонов Халық -демократиялық партиясынан, Нариман Омаров социал-демократтардан және парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Сарвар Отамуратов демократиялық партиядан.

Саясаттанушылар марқұм Ислам Каримов кезінде барынша тұйық  болғанын және оның саясаты көршілерге, ішкі саясатты айтпағанда, экономикалық саясаты оқшауланғанын айтуда.

Бүгінде көпшілігі  Шавкат Мирзиеев қандай өзгерістер алып келетінін  түсінуге тырысуда. Ал оның мәлімдемесіне сүйенсек, ол Өзбекстанның сыртқы саясаты бірнеше жыл бұрын қабылданған аяда жүргізілетінін ұғынуға болады. Яғни, бұл тұжырымдама Қазақстанның сыртқы саясатына аздап ұқсастау, яғни бұл ретте көп бағыттылық қағидатына екпін қойылмақ. Сондықтан да жаңа президент бірінші кезекте, көршілес Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен қатынастарын реттеуге тырысып жатқанын байқауға болады. Бұл белгілі бір оң реакцияны тудырады.

  

Еуропаның көші-қон мәселесі

Ағымдағы жылы Еуропалық одақтың көптеген елдерінде көші-қон тақырыбы ерекше талқыда болды. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның дерегінше, 2016 жылдың 1 қаңтарынан Еуропаға 352 мыңнан астам адам қоныс аударған, көшіп келгендердің негізгі бөлігін Грекия мен Италия қабылдады.

Жыл басынан бері 4,7 мыңнан астам адам қаза болды немесе теңізде із-түзсіз жоғалды. Көбінесе құрбан болғандар Солтүстік Африкадан Италияға бағыт алған кезде тіркелді, бұл бағдарда 4,2 мың адам көз жұмды.

Шенген аумағында заңсыз мигранттардың көші-қоны нәтижесінде қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздік қатеріне байланысты бірқатар елдер жыл бойы уақытша шекаралық қадағалау режімін сақтап тұрды. Қазіргі кезде ЕО-ға мүше мемлекеттердің өкілетті органдарында баспана мен халықаралық қорғауды сұрау бойынша 1,1 миллионға жуық өтінім келіп түскен. Оның ішінде 52 пайызы Германияға тиесілі.

Жалпы еурпалықтардың көбісі Таяу Шығыс, Африка немесе Ауғанстаннан ағылған босқындардың көптеп келуіне қарсылықтарын таныта бастады.

  

Түркиядағы РФ елшісіне қастандық

Түркияда Ресей елшісі Андрей Карлов 19 желтоқсан күні Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді. Тапаншамен қаруланған ер адам елшіге оқ атқаннан кейін «Аллаху әкбар! Алеппо туралы ұмытпаңдар! Сирия туралы ұмытпаңдар!», деп айғайлаған.

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, бұрынғы полицей Мевлют Алтынташ фотокөрме өтіп жатқан ғимаратқа іскерлік костюммен кіріп келген, оны жұрт елшінің сақшысы ретінде қабылдаған. Кейіннен елшіні өлтірген адам полицей болғаны расталды.

Өз кезегінде Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоғлы Анкарадағы Ресей елшілігі орналасқан көшеге қастандықтан мерт болған ресейлік елші Андрей Карловтың есімі берілетінін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Түркия Республикасындағы елшісі Андрей Геннадьевич Карловтың қайғылы қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Бұл терроризм актісі осынау зұлымдықпен күрес жолында бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыру қажет екеніне тағы да көзімізді жеткізе түсті. Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды», - делінген жеделхатта.

Соңғы жаңалықтар