Жыл қорытындысы: Әлемдік ахуалға қарамастан Қазақстан экономикасының дамуы дағдарған жоқ
Шындығында, үстіміздегі жылы әлемдік экономиканың дамуы геосаяси текетірес ахуалы мен дағдарыстық құбылыстар аясында өрбіді. Халықаралық сарапшылардың биылғы жылға жасаған даму болжамдары біршама кері кетті, әсіресе жылдың екінші жартысынан бастап жаһан дамуындағы белсенділіктің бәсеңдеуі анық сезілген еді. Қазақстан әлем экономикасының бір бөлшегіне айналған мемлекет. Ендеше, дүние дамуындағы мұндай үдерістер Қазақстанның экономикалық жағдайына өз әсерін тигізбей қойматыны белгілі болатын.
Сонымен, әлемдік ахуалға көз жүгіртсек, 2014 жылғы дүние экономикасындағы жаңалықтар Еуроаймақтағы дағдарыстық жағдайлардың жалғасуымен, қаржы нарықтарының нашарлауымен және өндірістің қысқаруымен сипатталады. Мәселен, ағымдағы жылғы маусымның ортасынан бастап әлемдік мұнай бағасы 27-30 пайызға, яғни барреліне 115,1 доллардан қазіргі таңда 70 долларға дейін тұрақты түрде төмендеді. Бұл ғана емес, Украина дағдарысы аясындағы Батыс пен Ресейдің өзара санкциялық текетіресінен туындайтын оқиғалар да әлемдік экономиканың, соның ішінде Қазақстанның экономикасына да өз әсерін беріп отыр. Айталық, еліміздің сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың 8 айында 9,1 пайызға, яғни 88,5 млрд. доллардан 80,4 млрд. долларға дейін азайған. Соның ішінде экспорт - 6,0 пайызға, 57,4 млрд. доллардан 53,9 млрд. долларға дейін, импорт - 14,7 пайызға 31,1 млрд. доллардан 26,5 млрд. долларға дейін төмендеген. Мұнай мен металлдың әлемдік бағалары төмендеуімен қатар Ресейге шығатын экспортымыз 20 пайызға азайды. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік экономиканың өсім қарқынының күтілгеннен де төмен болуы және сыртқы нарықтардағы қазақстандық өнімдерге сұраныстың төмендеуі аясында Қазақстандағы экономикалық өсу қарқыны баяулады. Нәтижесінде, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйектегі бағалау бойынша ІЖӨ өсуі 4 пайызды құрады. Экономикалық өсу қарқыны төмендеуінің негізгі факторлары экономиканың шикі мұнай өндіру, түсті металлургиядағы өндіріс және машина жасау сияқты үш саласында өндіріс көлемінің төмендеуі, сондай-ақ сыртқы сауда айналымының баяулауы болды.
Дегенмен, осындай жаһандық жағдайдың нашар өрбуіне қарамастан, тұтастай алғанда қазақстандық даму деңгейі дағдарған емес. Бұған ең алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша экономиканың өсімін қосымша ынталандыру шаралары өз септігін тигізгені айқын. Атап айтқанда, Елбасы биылғы жылдың басында 2014 жылғы экономика өсімін ынталандыру жұмыстарына 500 млрд. теңге бөлуді жүктеген болатын. Оның ішінде 100 млрд. теңге шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қолдауға және кредиттеуге бағытталды. Ал индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыруға 150 млрд. теңге бағытталған еді.
Теңге бағамы дер уақытында түзетілді
Ағымдағы жылдың айтулы оқиғаларына келсек, валюталық саясат мәселесі ерекше назар аударуды қажет етпей қоймайды. Жыл басындағы, нақтылап айтсақ, ақпан айындағы теңгенің долларға шаққандағы бағамына түзету енгізу елді біршама дүрліктіргені де есте. 2014 жылдың 11 ақпанында ҚР Ұлттық банкі ішкі һәм сыртқы факторларды ескере келе, теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін кемітуден, теңгенің айырбас бағамын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде АҚШ долларының бағамы 150 теңгеден босатылып, 185 теңге көлемінде тіркеледі. Тіпті девальвацияның алғашқы күніндегі қарбаласта доллар құны шарықтап кейбір жерлерде алыпсатарлықтың салдарынан 215 теңгеге дейін артқаны да есте. Кейіннен теңгеге қатысты түзетуді Ұлттық банк бес түрлі себеппен түсіндірді. Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, бұл осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасты. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы өзгерістер артты. Екіншіден, Ресей рублінің курсына қатысты белгісіздік орын алып отыр. РФ Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген курсы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Үшінші себеп Қазақстан банктерінің төлем қабілетінің жағдайымен байланысты. Төртіншіден, алыпсатарлық операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан Республикасы экономикасында теңге бағамының өзгеруі артты. Алыпсатарлық дүрлікпе мен айырбас курсының өзгерістерін алдын алу үшін Ұлттық банкке валюталық рынокке жиі енуге тура келеді. Бесіншіден, құнсыздануды 3-4 пайызға дейін төмендету үшін базалық алғышарттарды құру үшін ҚҰБ орташа шұғыл перспективада инфляциялық шектеуге көшуді жоспарлады. Бұл айырбастау бағамын қатаң түрде реттеуді тоқтатуды ойластырды. Дегенмен, девальвация айналасындағы дүрбелең өрбіп, кейіннен бұл іске құқық қорғау органдарына дейін араласқаны да есте. Бұл ретте Қазақстанның Бас прокуратурасы теңге бағамына қатысты алыпқашпа ақпарат таратушыларға жауапкершілік болатынын, ел ішінде қарбалас тудыруға жол бермейтіні туралы ресми түрде ескертуге дейін барды.
Мұнайға әлемдік баға құлдырады
Биылғы жылғы жаһандық деңгейдегі жаңалық ретінде мұнай бағасының күрт құлдырауын айтуға болады. Сарапшылар бұндай баға құбылысының астарын ашып айтып «мұнай соғысы» деген ұғымды жиі пайдалана бастады. Ал «қара алтын» құнының әлемдік нарықта құлдырауы кейбір импортқа тәуелді елдер үшін жағымды көрсеткіш болғанымен, бюджетті осы шикізаттан толтырып отырған елдер үшін бұл «бас қайғыға» айналды. Соның бірі Ресей болса, Қазақстанның шеккен залалы да аз болмады. Айталық, мұнай бағасының құлдырауына қатысты Үкімет бюджетті қайта қарап, нақтылауға мәжбүр болды. Жылдың жартысы ауғаннан бастап, мұнайдан түсетін кіріс көлемінің азаюы біраз жоспарларға түзету енгізгені де анық. Мұнай демекші жыл басында Қазақстанда мұнай өнімі 83 млн. тоннаны құрайды деп жоспарланып келсе, кейіннен бұл 81,8 млн. тоннаға дейін төмендеді.
Мұнайға қатысты тағы бір мәселе - тамызда Қазақстанда бензин бағасы және бір «секіріс» жасады. Бензин құны күтпеген жерден күрт өскеніне қоймай, тапшылық та қосамжарласып тұтынушыны екіұдай күйде қалдырғаны есте. Оның үстіне егін орағы жақындаған тұста осылайша кері құбылыстың орын алуы шаруаларды шынымен алаңдатқан. Алайда атқарушы билік Ресейден бөлек, Қытай мен Әзербайжан, Түркіменстан секілді елдерден қосымша жанармай тасып жатып, жағдайды ушықтырған жоқ. Тапшылық жойылып, бензин бағасы бұрынғыдай министрлік бекітетін шекті деңгейде сақталатын болды.
«Нұрлы Жол» атты Жаңа экономикалық саясат жарияланды
Бүкіл әлем сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған тұста ҚР Президенті Н. Назарбаев ондай кері құбылыстарға жауап ретінде «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялады. Шынын айтайық, Елбасының қарашаның 11-індегі Жолдауы көпшілік сарапшылар күтпеген, бірақ экономика үшін күтілген оқиға болды десек артық емес. Оның басты ерекшелігі - негізінен контрциклды сипатқа ие болып, Қазақстан экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталды. Соның ішінде Елбасы Ұлттық қордан қаражат тарта отырып, оны алда күтілетін қиын уақыттарды еңсеру мен экономиканың өсімін ынталандыруға көмектесетінін айтты. Қор ресурстары көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады. «Ұлттық қордың басты міндеті - тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс», деген Елбасы Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдады.
Тұтастай айтсақ, Елбасы 2014 жылдың соңына таман 2015 жылы бірден атқарыла берілуі тиіс шараларды айқындап, оған тиісті ресурстарды анықтап берді. Жалпы, «Нұрлы Жол» қазақстандық экономиканың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады.