Жыл қорытындысы: Биыл қазақ спорты қандай биіктерді бағындырды

Олай болса, бүгін мешін жылғы спорттағы жетістіктерімізді, ел намысын қорғаған спортшыларымыздың қандай табысқа қол жеткізгенін бір шолып шығайық.
Биыл спорт жарыстарының төресі Олимпиада ойындары өтті. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен байрақты бәсекеде жерлестеріміз 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 22-орынды иеленгені осы жылдың басты жаңалығы десек артық айтқанымыз емес. Сондай-ақ, өзге де халықаралық сындарда кімдер ел байрағын көтеріп, Әнұранымызды асқақтатты? Кімдер ел мерейін тасытты? Қай спорт түрінен жүлдегер атандық? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Олимпиадада абыройымыз тасыды
Биылғы жылдың басты жарысы - Рио-де-Жанейро Олимпиадасы. Төрт жылда бір келетін басты додада жерлестеріміз қанша медаль алғанын сөз басында айтып өттік. Тамыздың 5-21 аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен дүниежүзілік додаға елімізден 107 спортшы қатысты. Спорттың 17 түрінен бақ сынаған қыз-жігіттеріміз қоржынымызға 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль салып, командалық есепте 22-орыннан көрінді.
Бұл əрине, осыдан төрт жыл бұрынғы Лондон олимпиадасындағы нəтижемізден əлдеқайда төмен көрсеткіш. Дегенмен, жүлде саны жағынан биыл Қазақстан спортшылары жалпы 17 медаль жеңіп алып, рекорд жаңартты.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасы кезінде Қазақстан спорт тарихына алтын əріппен жазылатындай бірнеше оқиға тіркелді.
Айталық, ауыр атлетикадан тұңғыш рет қазақ қызы Жазира Жапарқұл Олимп шыңына ту тігіп, күміс медальға ие болды. Қазақстанның спорт тарихында Олимпиада ойындарында медаль алған бойжеткендеріміз жетіп артылады. Алайда, сол бойжеткендердің арасында өзіміздің қаракөз қарындастарымыздың жоқтығы жанымызға батып жүрген еді. Сол олқылықтың орнын бірінші болып, ауыр атлетикадан əлемнің екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жапарқұл толықтырды.
Сонымен қатар күрес түрлерінен де биылғы Олимпиада ойындарында тұңғыш рет қазақ қызы Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырынан көрінді. Ол - Эльмира Сыздықова. Əйелдер күресінде 69 келі салмақта күресіп, қола жүлдені ел қоржынына салды. Эльмира Олимпиада ойындарының медалін таққан тұңғыш балуан қыз ретінде тарихымызға таңбаланды. Сондай-ақ, былғары қолғап киген қазақ қыздарының арасында 75 келі салмақта жұдырықтасқан Дариға Шəкімова қаракөз қыздарымыздың арасында тұңғыш болып, Олимпиада медалін жеңіп алды. Рио-де-Жанейрода көңілге медеу болғаны - Эльмира Сыздықова, Жазира Жапарқұл, Дариға Шəкімова сынды қазақтың қаршадай ғана қыздары Олимпиада медалін жеңіп алулары болды.
Су спортында осыған дейін Олимпиада медаліне қол жеткізбеген едік. Рио- де-Жанейрода сол олқылықтың орнын Дмитрий Баландин толтырды. 2014 жылы жазғы Азия ойындарында Жапония мен Корея спортшыларын жолда қалдырып, үш бірдей қашықтықта оза шапқан Баландин Бразилияда тағы да алдына жан салмады. Баландиннің алтын медалі - Қазақстан спорты тарихындағы су спортынан алған тұңғыш медаль.
Рио-де-Жанейро олимпиадасының қаһармандары тағы бір атап өтсек артық болмас. Сонымен биылғы жылдың басты бəсекесінде жеңімпаз бен жүлдегер атанған спортшылар: Данияр Елеусінов (бокс), Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу) - алтын медаль; Əділбек Ниязымбетов (бокс), Василий Левит (бокс), Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жапарқұл (ауыр атлетика), Гүзел Манюрова (əйелдер күресі) - күміс медаль; Эльмира Сыздықова (əйелдер күресі), Екатерина Ларионова (əйелдер күресі), Иван Дычко (бокс), Галбадрах Отгонцецег (дзюдо), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Фархад Харки (ауыр атлетика), Дариға Шəкімова (əйелдер боксы), Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Карина Горичева (ауыр атлетика).
Паралимпиада ойындарында да күтпеген жетістікке жеттік
Биыл Рио-де-Жанейро Олимпиадасы аяқталғаннан кейін араға екі апта салып, Бразилия жеріне паралимпиадашылар бас қосты. Тағдырдың тауқыметін тартып, мүмкіндігі шектелген мүгедек жандарымыздың өзі Рио төрінде байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып қайтты.
Биылғы Паралимпиадаға елімізден 11 спортшы барды. Олар спорттың бес түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 1 күміс медальға ие болды. Паралимпиаданың алтын медалін жүзу спортынан Зүлфия Ғабидулина жеңіп алса, пауэрлифтингтен 67 келі салмақта өнер көрсеткен Раушан Қойшыбаева күміс медальға ие болды. Зүлфия Ғабидулинаның жеңіп алған алтын медалі - Қазақстан үшін Паралимпиада тарихындағы тұңғыш алтын медаль.
Жасөспірімдеріміз жарады
Биыл жыл басында жасөспірімдеріміз Норвегияның Лиллехаммер қаласында төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарында бақ сынады. Онда Қазақстанның жасөспірімдері 2 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 27-орынға ие болды. Норвегия жерінде мəнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева 167,88 ұпаймен алғашқы қола жүлдені сыйласа, Арина Пантова екінші қолаға қол жеткізді. Пантова биатлон жарысының спринттік бағдарламасында мəреге үшінші болып жетті. Жасөспірімдер олимпиадасының командалық есебінде АҚШ, Оңтүстік Корея жəне Ресей спортшылары алғашқы үштікті қорытындылады. Азия елдерінің арасында қазақстандықтар əдеттегідей, Корея, Жапония жəне Қытай елдерінен кейінгі төртінші орынға орналасты.
Жеңіл атлеттеріміздің жетістіктері
Биыл Қазақстан жеңіл атлеттері үшін де табысты жыл болды. Олар жыл басында жабық ғимаратта өткен Азия чемпионатына қатысып, 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен оралды. Сары құрлық біріншілігі Катардың Доха қаласында өткені белгілі.
Қазақстан құрамасының сапынан Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (60 метр), Анастасия Сафронова (60 м.кедергі), Роман Валиев (үш қарғып секіру) сынды спортшыларымыз бұл бәсекеде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Сонымен қатар, Доха жерінде Ольга Рыпакова мен Виктория Зябкина Азия рекордын жаңартты. Онда Рыпакова 14 метр 32 сантиметрге секірді. Виктория Зябкина 60 метрді 7,27 секундта жүгіріп өтті.
Үш қарғып секіруде алдына жан салмаған Ольга Рыпакова ұзындыққа секіру бағдарламасында қола медальға ие болды. Сонымен қатар 60 метрге кедергілер арқылы жүгірген қыздарымыз Анастасия Сафронова Азияның алтын медалін мойнына тақса, Сафроновамен қатар жүгірген Анастасия Пилипенко күміс медаль жеңіп алды. Қоржынымызға түскен тағы бір күміс медаль Елена Михинаның (400 м.) еншісінде. Михаил Литвин (400 м.), Наталья Нерознак (800 м.), Екатерина Эктова (үш қарғып секіру) сынды спортшылар Азия чемпионатынан қола медальмен қайтты
Күрестен де медальді күреп алдық
Биыл күрес түрлерінен Азия чемпионаты Таиландтың Бангкок қаласында өтті. Онда балуандарымыз күрестің үш түрінен 2 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды.
61 келі салмақта кілемге шыққан Дəулет Ниязбеков екінші мəрте Азия чемпионы атанды. Дəулет Ниязбеков - Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанған тұңғыш қазақ балуаны. Сонау 1993 жылдан бері қатысып келе жатқан Азия біріншілігінде бірде-бір қазақ балуаны екі мəрте Азияның бас жүлдесін алмаған екен.
Тек, Марид Муталимов қана Азия чемпионатында 3 рет жеңіске жеткен. Тағы бір айта кетерлігі, Сергей Белоглазов баптайтын еркін күрес шеберлері бірінші рет Азия чемпионатынан 6 медаль алды - 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль.
Бұған дейінгі ең жоғарғы көрсеткішіміз 5 медаль болатын (2006, 2007, 2010). Бұл жолы қоржынымызға түскен алты жүлдені Дəулет Ниязбековтен бөлек (61 келі,алтын медаль), Нұржан Бекжанов (65 келі, күміс медаль), Жігер Зəкіров (74 келі, күміс медаль), Аслан Кахидзе (86 келі, қола медаль), Бақдаулет Əлментай (97 келі, қола медаль), Дəулет Шабанбай (125 келі, қола медаль) сынды балуандар салды.
Тағы бір айта кетерлігі, жақында ғана Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен Олимпиада бағдарламасына кірмеген салмақтар бойынша əлем чемпионаты өтіп, онда Нұрлан Бекжанов 70 келі салмақта күміс медаль алды. Қазақ балуандарының ішінде бұған дейін бірде-бір еркін күрес шебері əлемдік сайыстың финалында күреспеген еді. Нұрлан сол биікті бағындырып, қазақ балуандары арасында тұңғыш рет əлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Сол əлем чемпионатында Айым Əбілдина да жүлделі орыннан көрініп, қола медаль жеңіп алды. Бангкоктегі Азия чемпионатына қайта оралар болсақ, грек-рим күресінде Досжан Қортықов (75 келі) та Азияның ең күшті балуаны атанды. Асқат Жаңбыров (грек рим күресі), Ирина Борисова (қыздар күресі), Айым Əбілдина (қыздар күресі), Эльмира Сыздықовалар (қыздар күресі) финалда күрескенімен қарсыластарынан айласын асыра алмай, күміс медальды қанағат тұтты. Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған балуандардың қатарында Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Дархан Баяхметов (грек- рим күресі), Асқат Ділмұхамедов (грек- рим күресі), Дамир Күзенбаев (грек-рим күресі) бар.
Футзалдан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атандық
Биыл ақпан айының 2-13 аралығында Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионаты өтіп, онда Қазақстан құрама командасы қола жүлдеге ие болды. Командалық спорт түрлерінің ішінде 2016 жылдағы ең жоғарғы табыс деп осы футзал құрамасының жетістігін афтуға болады.
Димаш Сүлейменвов, Серік Жаманқұлов бастаған саңлақтарымыз Еуропа чемпионатында сенсация жасады. Топтық кезеңде Ресейді алға жіберіп, екінші орынмен ширек финалға шыққан қазақстандық аяқдопшылар Италия сынды Еуропаның алпауыт командасын 5:2 есебімен ойсырата жеңді. Жартылай финалда Испания сияқты Еуропаның 6 дүркін чемпионына айтарлықтай қарсылық көрсетті. Испания сол сында Қазақстаннан 5:3 есебімен айласын асырды. Финалда 7:3 есебімен Ресей құрамасын жеңіп, жетінші мəрте Еуропаның үздік командасы атанды.
Қазақстан құрамасы алаң қожайындары Сербияны 5:2 есебімен ұтып, кəрі құрлықтың қола жүлдесіне ие болды. Футзалшылардың тағы бір ерен еңбегі - биылғы əлем чемпионатына қатысуы. Колумбияда жалауын көтерген əлемдік жарыста Қазақстан құрамасы топтық бəсекеден шығып, 1/8 финалда тағы да Испанияға жол берді.
Дзюдошыларымыз да жүлдесіз болмады
Биыл қазақстандық татами шеберлері де жүлдесіз қалмады. Олар көктемде Ташкентке құрлықтық біріншілікте ел қоржынына 3 алтын, 2 күміс, 6 қола медаль салып, командалық есепте Жапония мен Моңғолиядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.
Ерлер бəсекесінде 60 келі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды. Қыздар арасында Галбадрах Отгонцецег (48 келі) пен Мəриям Ордабаева (63 келі) топ жарды. Финалда күрескен Дидар Хамза (73 келі) мен Гүлжан Исанова (+78 келі) қарсыластарына жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты. Елдос Жұмаханов (66 келі), Əзиз Қалқаманұлы (81 келі), Максим Раков (100 келі), Ержан Шынкеев (+100 келі) сияқты жігіттердің еншісінде қола медаль. Сондай-ақ, ерлер мен əйелдер құрамасы командалық сайыста Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Астана әлем аруларының басын қосты
Биыл Елорда төрінде өткен спорттағы ең айтулы оқиғаларының бірі - бокстан қыздар арасында өткен əлем чемпионаты. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қарсаңында Астана төрінде өткен әлем біріншілігінде қазақстандық бойжеткендер бұрын-соңды болмаған табысқа кенелді.
Бойжеткендеріміз əлем чемпионатының қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 қола медаль алып, командалық есепте бірінші орынға шықты. 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай қазақ боксының тарихында тұңғыш рет екі дүркін əлем чемпионы атанды.
54 келі салмақта күш сынасқан бойжеткендер арасында Дина Жоламанның да жұлдызы жанды. Кейіннен Валентина Хальзова (69 келі) мен Лəззат Күнгейбаева (+81 келі) да өз салмақтарында топ жарып, əлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Дүниежүзілік жарыстың қола жүлделерін Жайна Шекербекова (51 келі) мен Айжан Қожабекова (57 келі) иеленді.
Шорт-тректен де шоқтығымыз биіктеді
Биыл шорт-трек спортынан да шоқтығымыз биік болды. Шорт-трекшілеріміз Әлем кубогы кезеңдерінде әртүрлі дәрежеде бірнеше медаль сыйлады. Бұл - бұрын-соңды болмаған жетістік. Оңтүстік Корея, Голландия, АҚШ, Канада, Ресей сияқты осы спорт түрінің алпауыттарынан біздің спортшылар айласын асыра алатын деңгейге көтерілді.
Бүгінде біздің спортшылар осы маусымдағы әлемдік шорт-тректің топ-парағын (рейтингін) бастап тұр.
Биыл қазақстандық шорт-трекшілеріміз әлем кубогының төрт кезеңіне қатысты. Әлем кубогының 1-ші кезеңі Канадада өтті. Онда 500 метрден ерлер арасында - Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша 4- орынды, 1000 метрде әйелдер арасынан Ким Ионг 10-орынды иеленді. Екніші кезең АҚШ-та өтті. Онда 500 метрде ерлер арасында Абзал Әжіғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Ал Айдар Бекжанов 13-орынға, Денис Никиша 18-орынға табан тіреді. 1500 метрден Нұрберген Жұмағазиев 9-орынға табан тіреді. Ал осы кезеңде 5 мың метрлік эстафеталық жарыста ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды. Әлем кубогының 3-кезеңі Қытайда өтті. Онда 500 метрде Абзал Әжіғалиев төртінші, Айдар Бекжанов бесінші орыннан көрінді. 1000 метр қашықтықта Нұрберген Жұмағазиев 6-орынға тұрақтады. Әлем кубогының 4-кезеңі Оңтүстік Кореяда өтті. Онда 1000 метрден Нұрберген Жұмағазиев чемпион атанса, Денис Никиша күміс жүлдені қанжығасына байлады. Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 6-орында келеді.
Міне, осылайша Қазақстан спортшылары 2016 жылды сәтті аяқтады деп нық сеніммен айта аламыз.