Жыл қорытындысы: БҚО-да 19100-ден астам адам жұмыспен қамтылды

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің айтуынша, биылғы он бір айдың өзінде осындай шаралармен 19107 адам қамтылса, соның 17785-і - жұмыссыздар, 1322-сі - өнімді емес өзін-өзі қамтушылар. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталықтары арқылы 586 адам еңбек орнын тапса, соның 171-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», 102-сі «Нұрлы жол», 67-сі «Жасыл ел», 94-і бірыңғай аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша орналастырылды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 65, аумақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес 45, «Агробизнес - 2020» бағдарламасына сәйкес 42 адам жұмысқа кірісті. Оған қоса 883 адам кәсіби білім-білігін көтерсе, 1241 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1381 түлек жастар тәжірибесіне жіберілді.
Биыл сондай-ақ 7552 адам ақысы төленетін қоғамдық жұмысты атқарып, 315 адам шағын несиеге қол жеткізді, 7008 адам бос жұмыс орындарына орналасты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биылғы үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,8 пайызды (өткен жылы осы мезгілде - 4,9) құрады.
Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағыты бойынша өңірде 2011-2015 жылдары 5969,8 млн. теңге бөлініп, 2457 адам жұмысқа орналастырылды. Аталған бағдарламаның «Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және тірек ауылдарын кешенді дамыту» атты екінші бағытына сәйкес 5909,5 млн. теңге шағын несие қаралып, оған 3082 адам қол жеткізді. Сондай-ақ «Оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету және жұмыс берушінің тұтынымы аясында көшіру» атты үшінші бағыт бойынша да қажетті қаржы жұмсалып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты бағдарламасына сәйкес азаматтарды әлеуметтік қолдау аясын кеңейту мақсатында жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы жасалатын болады.