ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: БҚО-да білім беру бюджеті 42,2 млрд. теңгеге жетті

Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, 2015 еліміз үшін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілген мерейлі белестер жылы болғаны белгілі. Осынау тарихи белестер жылына орай білім беру ұйымдарында ұрпақ жадына жаңа қазақстандық патриотизмді сіңіруде айырықша рөл атқаратын түрлі шаралар өткізілді.
Білім берудің алғашқы сатысы - мектепке дейінгі тәрбие жүйесіне аса маңыз беріп келеді. Облыста мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші республика көлемінде жоғары болып саналады (1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту облыста - 62,3 пайыз, 3-тен 6- жасқа дейінгі балаларды қамту - 97,9 пайыз).
Биылғы жылы облыс мектеп бітірушілерінің ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша орташа балы 83,6-ны құрап, республика көлемінде алдыңғы қатарда болды.
Оқушылар әртүрлі деңгейдегі өнер, білім, спорт сайыстарында да жақсы нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылар олимпиадасында облыс командасы республикада жаратылыстану-математика бағытында 1, қоғамдық-гуманитарлық бағытында 2 орынды иеленді.
2015 жылға бекітілген білім беру бюджеті 42,2 млрд. теңгеге жетсе, соның ішінде 2,3 млрд. теңгесі - республикалық трансферттер.
Биыл шетел инвестициясы есебінен Жәнібек ауданының Жәнібек ауылында 290 орындық балабақша құрылысы аяқталды.
Оқу орнының тапшылығын жою мақсатында республикалық бюджет есебінен Орал қаласының Зашаған ауылында 1200 орындық және Жаңақала ауданының Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 орындық 2 мектепт іске қосылды.
2015 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 5 білім беру нысанына республикалық бюджет есебінен 477,6 млн. теңгеге, жергілікті бюджет есебінен 5 білім беру ұйымына 330,3 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымды мектептер мәселесін шешу туралы тапсырма берсе, ол облыс әкімінің қолдауымен толықтай шешілді. 2015 жылы апатты жағдайды жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаржыға салынған 3 мектеп ғимаратының құрылысы мәреге жетіп, пайдалануға берілді (Жаңақала ауданының Х.Нұрымғалиев және Абай атындағы, Теректі ауданының Госплемстанция негізгі мектептері).
Республикалық бюджет есебінен Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында 290 орындық, шетел инвестициясы есебінен Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық балабақшалар салынуда.
Облыстың кәсіптік білім беру жүйесінде 20 мыңнан астам білім алушы контингенті бар 38 техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны жұмыс жасайды.
2015 жылдың 30 қарашасында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев « Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауын жария етті. Елбасының Жолдаулары еліміздің өркендеп дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағдарламалық құжат болып табылады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның әлемнің жетекші 30 елінің қатарына енуі үшін білікті кадрлардың қажеттігі түсінікті. Осы орайда Елбасы 2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» атты жобасын енгізуді тапсырды. Бұл жастарды қолдауға, азаматтардың тегін техникалық және кәсіптік білім алып, өз нәпақасын табуына, жұмысшы мамандықтардың беделі мен мәртебесінің өсуіне, өңірді қажетті жұмысшы мамандармен қамтамасыз етуге, сөз жоқ, игі әсерін тигізеді. Осы маңызды құжат білім, соның ішінде техникалық және кәсіптік оқыту саласындағы әрбір қызметкерге тың серпін беріп, «Мәңгілік ел» құру жолында аянбай еңбек етуге шақырады. Білім басқармасы Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған шараларды қолға алып, жаңа жылда да тың жігермен жұмыстана бермек», - деп түйіндеді ойын А.Мыңбаева.