Жыл қорытындысы: БҚО-да мәдениет саласына 4,9 млрд. теңге бөлініп, айтулы істер атқарылды

-Биылғы жыл еліміздің өмірінде айтулы оқиғаларға толы жыл болды, деді Дәулеткерей Атауұлы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы сияқты атаулы мерекелерді атап өту біздің мәдениет саласындағы қызметтердің мақсат-міндеттері болуымен қатар, оның мағыналы да мәнді ұйымдастырылуы жауапкершілігімізбен бірге беделімізді арттырды. Осы қызметтерді білікті де білгір басшылар мен кәсіби мамандардың басын құраған 763 мемлекеттік мәдениет және өнер ұйымдары, оның ішінде 400 кітапхана, 277 клуб мекемелері, 16 музей абыроймен атқарып, көптеген нәтижелерге қол жеткізді.
Ұлт көшбасшысы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да, біз Қазақстан халқын ең үздік және мәңгілік құндылықтар - ел игілігі жолында ынта мен жігерді, еңбекқорлықты және мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегісі» деп ерекше атап өтті. Шындығында да Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясындағы мәдени-көпшілік шаралар 2015 жылдың 6 ақпан күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің акт залында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылының бастау алуы» салтанатты синхрон-акциясымен басталып, соның барысында «Менің елім - Мәңгілік ел» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Акция аясында «Ұлт достастығы - ұлылықтың бастауы» атты кітап көрмесі мен «Ақжайық - достық мекені - 2015» атты музей көрмесі ұйымдастырылды. Осы шара аясында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының II кезеңі және «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгілікті іс» эстафетасы басталып, облысымыздың барлық аудан-ауылдарына жол тартты.
Мамыр айында адамзат тарихындағы ең бір қастерлі де құрметті, киелі де құдыретті 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні атап өтілді. Біз сол Жеңісті алып берген ардагер аталардың ерлік, каһармандық істері алдында мәңгілік қарыздармыз. Облыстық халық шығармашылығы орталығы 2014 жылы «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты республикалық байқаудың аудандық, облыстық турларын сәтті өткізіп, осы жылы облыстық турдың жеңімпаз көркемөнерпаздар ұжымдарын Астана қаласында өткен қорытынды республикалық фестиваліне қатыстыруға жағдай жасады. Облыс әкімі мен облыстық депутаттар корпусының балалар шығармашылығын қолдауы арқасында Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қаражат бөлініп, өңірде алғаш рет «Аталардың ерлігін, жыр етем келер ұрпаққа» атты балалар шығармашылығынан қолжазба кітаптарының облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға аудандар мен қаладан 330 жоба ұсынылып, іріктелген туындылар көрермен назарына ұсынылды.
Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Жеңістің 70 жылдығына - 70 ізгілікті іс» акциясы аясында «Жақсы кітап. Қайырымды іс. Мейірімді есім» акциясы мен «Ұлы ерлікке тағзым» тақырыбындағы кітап көрмесі, «Арулар отты жылдарда» тақырыбындағы әдеби-танымдық кеш, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты ғылыми зерттеу кітабының тұсаукесері және басқа шаралар өтті.
Облыс музейлерінде кездесулер, музей сағаттары, тағылымдық шаралар мен «Сол бір жылдар жаңғырығы», «Ардагерлер бейбіт өмір құшағында», «Жеңістің жаңғырығы - ерліктің мәңгілігі» атты фотоматериалдардан жасақталған көлемді көрмелер ұйымдастырылды.
Облыстық қазақ драма театры Жеңіс тақырыбына арнап Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» драмасын және Шерхан Мұртазаның Бауыржан Момышұлының ерлігіне арналған «Ноқтаға басы сыймаған» әскери драмасын сахналап, елде соғыстың лебі мен зардабын сезген кезде Ұлы Жеңістің қадірі одан сайын арта түсетіндігін, халықтың басына түскен қиындықты бірліктің арқасында жеңіп шыққандығын актерлік шеберлікпен сомдап, көрермен ықыласына ие болды. Ал А.Н.Островский атындағы облыстық орыс драма театры А.Дударевтың «Рядовые» атты драмалық балладасын сахналады және бұрын репертуардағы бар «Синий платочек» спектаклін қайтадан жаңартып, жұртшылық назарына ұсынды.
Облыс орталығындағы әр мәдени-көпшілік шараға мәдениет және өнер қызметкерлері әрдайым жоғары жауапкершілікпен қарап, бір шараны екіншісіне ұқсамайтындай, кәсіби биік деңгейде өткізіп келеді. Оның дәлелі - биылғы жылдың маусым айында жаңадан пайдалануға берілген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Ата Заңым - Тұғырым!» атты мерекелік концерт. Оған дейін барлық кітапханаларда, музейлерде зиялы қауым өкілдерінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы- тұрақты даму кепілі», «Ата заң - тәуелсіздік тірегі» «Көк байрақты елдіктің, сақтаушысы - Ата Заң» тақырыптарында көрмелер, оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізілді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақ халқының жаңа сатыға көтерілуінің кезекті маңызды межесі ретінде қабылданды. Егемен ел атанғалы алғаш өткен қазақ хандығының мерейтойы тамыз айында Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Елдіктің терең тамыры» атты мәдени көпшілік шарамен кең көлемде аталып өтті. Шара аясында Астана, Алматыдан, республика облыстарынан, Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара, Астрахан қалаларынан, Башқұртстаннан келген ғалымдар мен тарихшылардың қатысуымен «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Бөкей Ордасы музей кешеніндегі Хан сарайының 8 залы: «Жәңгір ханның кабинеті», «Билер кеңесі бөлмесі», «Сурет галереясы», «Қару-жарақ бөлмесі», «Фатиманың бөлмесі», «Намаз оқитын бөлме» және қонақ қабылдау бөлмелері жабдықталып, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Тарих пен тағылым» атты көрмені жасақтап, көрермен назарына ұсынды.
Үш күнге созылған Қазақ хандығының Бөкей еліндегі тойы «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық ақындар айтысымен басталып, мемлекеттігіміздің қалыптасуы тарихынан сыр шертетін «Алтын дала шежіресі» атты театрландырылған көрініс және үлкен мерекелік концертпен абыройлы аяқталды. Сондай-ақ Сырым ауданында «Хандық билік және қазақ елі» атты дөңгелек үстел, В.И.Чапаев атындағы Ақжайық тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздік төркіні» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Елорда төрі саналатын «Қазақ елі» монументі алдындағы этноауылда үш күн бойы жалғасын тапқан шараға аймақ өнерпаздарының мерекелік шеруі, «Аймақтардың салт-дәстүрлері» қойылымы, «Тарихы терең Ақ Жайық» атты облыс өнерпаздарының концерті өткізілді.
Биылғы жылғы шаралардың арасында шоқтығы биік тұрған бір мейрамы - ол Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әлидің туғанына 80 жыл толуына орай өткен республикалық мәдени-көпшілік шара болды. Қадыр ескерткіші мен ақын атындағы мәдениет және өнер орталығының салтанатты ашылуы бүкіл Алаш жұрты үшін мақтаныш болды десек, артық айтқандық емес. Орталықтағы Қадыр алақанының ізі қалған жәдігерлерден жасақталған мемориалдық музей-кабинеті мен 6764 кітаптан тұратын жеке кітапханасы халықты, әсіресе, жастарды, елін, жерін сүюге үйретіп, өнерді дәріптеуге септесуде.
Қадыр ағаның қос ескерткіші бір жылда, бір мереке аясында ашылғаны Жайық елі үшін үлкен абырой болды.
Облысымыздың мәдениет мекемелері елдің мәдениеті мен өнерін тек облыс көлемінде танытып қана қоймай, жыл бойы көршілес Ресей Федерациясының шекаралас облыстары және шет мемлекеттерде көрсетті. Мысалы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның кандидатурасын ұсыну аясында өткен Қазақстан Республикасы өнерінің апталығына қатысты. Сонымен қатар осы айда филармонияның бір топ жас әншілері Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы елшілігінің арнайы шақыруымен Загреб қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай қазақ өнері мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, қазақ елін шетелдіктерге таныстыру мақсатымен үлкен мерекелік концерт беріп қайтты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты тапсырмасындағы Мәдениет министрлігі белгілеген дәстүрлі облыс апталығының эстафетасын жалғастыру мақсатында тамыз айында Қостанайда Батыс Қазақстан облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Өңір мәдениет және өнер майталмандарының қатысуымен «Ақ Жайықтан толқынды Тобылға» атты гала-концерт оздырылды.
Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты ХУІІ халықаралық фестивалінде облыстық қазақ драма театры Эврипидтің «Троя арулары» қойылымымен қатысып, Гран-Приге қоса «Боспор Никасы» , «Ең үздік режиссер», «Ең үздік әйел бейнесі» жүлделерін жеңіп алса, Өскемен қаласында өткен ХХІІІ республикалық театрлар фестиваліне Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» шығармасының негізінде жазылған осы аттас драмасымен қатысып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қойылымдар арасында үздік болып танылды. Сондай-ақ Атырау қаласында өткен драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестиваліне арнайы қойылған осы автордың «Хан Жәңгір» реквиемін көрсетіп, театр І-ші орынды иеленіп, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын Махамбет образын сомдаған Қуаныш Амандықов жеңіп алды.
Осындай қиындығы мен қызығы мол сала қызметкерлерінің бір тобы биылғы жылы мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, әнші Мұрат Әмірханов пен театр актрисасы Бақытгүл Жақыпова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанса, тағы бір танымал орындаушы Марат Сарбөпеев «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Сонымен қатар басқа да белсенді еңбегімен көзге түскендер «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған», «Еңбек ардагері» сынды медаль-төсбелгілермен марапатталды.
-Дәулеткерей Атауұлы, 2015 жылғы мәдениет бюджеті қандай көлемде қалыптасты, қаржы негізінен нендей бағыттарға жұмсалды?
-2015 жылы өңірдің мәдениет саласына облыстық бюджеттен 4,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, ол мақсатты түрде жұмсалды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 200 млн. теңгеге немесе 4,3 пайызға артық. Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес 2016 жылы азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшірілуіне байланысты, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайыздан 40 пайызға дейін өседі. Сала қызметкерлерінің еңбек ақысының өскен бөлігін төлеуге республикалық бюджет есебінен 1,1 млрд. теңге қарастырылды. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау екені анық.
-Биыл қандай жаңа нысандар іске қосылды, күрделі жөндеуден өткендері қанша?
-Орал қаласында 2015 жылдың маусым айында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жаңадан іске қосылды. Сонымен қатар 301,0 млн. теңгеге 4 мәдениет нысаны, соның ішінде Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы мәдениет үйі 31,0 млн теңгеге, Зеленов аудандық мәдениет үйі (Переметный кенті) 210,6 млн. теңгеге, Теректі ауданы Приречный ауылдық мәдениет үйі 39,1 млн теңгеге, осы аудандағы Төңкеріс ауылдық мәдениет үйі 20,3 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Облыс аумағындағы 2153 ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Оған қоса биыл Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге, Чернобыль апаты зардабынан қаза тапқан батысқазақстандықтарға арналған мемориалдық кешендер, Орал қаласы мен Сырым ауданы орталығында Қадыр ақынның қос бірдей ескерткіші, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың және Кеңестер Одағы мен Ресей Федерациясының Батыры, жерлесіміз Николай Майдановтың мүсіндері орнатылды.
2015 жылы Оралда бұрынғы атамандар үйі (қазір ІІД госпиталі мен емханасы), бұрынғы орыс-қырғыз мектебі үйі (қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты), 1919 жылы Орал қаласын қорғау штабы орналасқан бұрынғы Пушкин мектебі (қазір экология департаменті) сияқты тарихи ғимараттарға ғылыми-қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
-Алдағы жылға белгіленіп отырған басты межелер жөнінде айта кетсеңіз.
-Бірнеше күннен кейін 2015 жыл тарих қойнауына еніп, Жаңа жылға аяқ басқалы отырмыз. Бұл жыл өзінің тамаша ерекшелігімен, яғни егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 25 жыл толу мерекесін атап өтетін жыл болып табалдырықтан аттамақ. Осыған байланысты, 2016 жылы облыстағы мәдени-көпшілік шараларды Тәуелсіздіктің асыл құндылықтарын дәріптей отырып, ұлы мұраттарымыздың, асқақ армандарымыздың жүзеге асқандығын, ел егемендігі арқасында жеткен табыстарымызды ұлықтау, болашаққа үкілі үмітпен қарау әсерінде өткізу жоспарлануда.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кең көлемді бұқаралық мәдени-көпшілік шаралармен қатар өңірдің белгілі әнші, күйшілері мен өнер қайраткерлеріне, кейбір айтулы даталарға арналған фестивальдер мен байқаулар ұйымдастырылмақ. Мысалы, патриоттық әндерді орындаушылар арасында «Ел ертеңі - жас ұлан» атты облыстық байқау, халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы, күйші-композитор, Қазақстанның халық артисі Дина Нұрпейісованың 155 жылдығына арналған «Күй дүлдүлі - Дина» республикалық домбырашылар, күйші, сазгер Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Сейтек перне» аймақтық-республикалық домбырашылар байқаулары, жыр-терме өнерінің ардақтылары Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық дәстүрлі термешілер байқауы, отбасының құндылықтары мен дәстүрлерін дәріптеу мақсатында Отбасы күніне арналған «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» облыстық жас келіндер байқауы, облыс орталығындағы «Аудан күндері» сынды көптеген шараларды өткізу көзделуде.