Жыл қорытындысы: БҚО-да өнеркәсіп өнімінің жылдық көлемі 1263,4 млрд. теңге көлемінде болмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында алдын ала мәліметтерге қарағанда, биылғы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1263,4 млрд. теңге көлемінде болады деп болжануда.
None
None

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 6 пайызға кем. Ол мұнай өнімінің 17,9, газ конденсатын өндірудің 2,1 пайызға қысқаруына байланысты болып отыр. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім көлемі 1125,4 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 95,2 млрд. теңге көлемінде болмақ, бұлардағы нақты көлем индексі сәйкесінше 96 және 76 пайызды құрамақ. Айта кетейік, биылғы он бір айда өңірде 1121,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, нақты көлем индексі - 94,5 пайыз. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде 995,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылды (96,5 пайыз). Табиғи газ өндіру өткен жылғы деңгейде болса, газ конденсаты 2,3, мұнай өндіру 18,4 пайызға қысқарды. Мұнай өнімін өндірудің азаюы бағаның төмендеуіне, сондай-ақ «Жайықмұнай» ЖШС-да жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты. Ал газ конденсаты «ҚПО б.в.» компаниясында жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне және «Газпром добыча Оренбург» ЖАҚ-тың тазартылмаған газ көлемін қабылдауды төмендетуіне қатысты азайды. Өңдеу өнеркәсібінде 87,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, бұл 27,3 пайызға кем. Шикізаттың жеткіліксіздігіне және оның Ресейдегі құнының жоғарылауына байланысты дизельді отын өндірудің («Конденсат» АҚ) 59,6 пайызға қысқаруы мұнай өндірудің жалпы көлеміне әсер етіп отыр. Сол секілді тапсырыстардың аздығына және ресейлік рубль бағамының өзгеруіне байланысты құрылыс индустриясындағы өнім көлемі 12,6, машина жасауда 10,3, металлургия өнеркәсібінде 5,9, азық-түлік өндіруде 10,6 пайызға төмендеді. Есесіне дайын металл өнімдер 19,6, жиһаз жасау 1,4 пайызға көбейіп отыр.

Соңғы жаңалықтар