Жыл қорытындысы: Қазалы ауданындағы жетістіктер- Қызылорда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы iргелi аудандардың бiрi Қазалы ауданының Сыр елiнiң экономикасы мен әлеуметтiк дамуында орны ерекше.
None
None

Елбасының алға қойған мiндеттерiн орындауда ауданда индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары жылдан-жылға дамып келедi. Биылғы жыл елiмiз үшiн маңызды тарихи жыл болғаны белгілі. Қазақ хандығының 550, Ел Тәуелсiздiгiнiң 24 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңның 20 жылдығы, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойларын қазалылықтар да лайықты қарсы алды.

1. Бұл жылдағы ең басты жаңалық - аудан орталығына көгілдір отынның жетуі. Қазіргі таңда кенттің 5 квартал аймағының тұрғындары газды пайдаланып отыр. Қалған аймақтар әзірлігіне орай кезең-кезеңімен қосылатын болады.

2. Облысымыздағы аудандар арасында тұңғыш рет Ардагерлер үйі ашылды. Жалпы, аудан бойынша 6 607 ардагер болса, мұнда олардың бас қосып, рухани демалып қайтуына бар жағдай жасалған. Ғимараттағы 17 бөлмеде асхана, демалыс,жаттығу залы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, бұл үйден бір мезгілде 10 ардагерге дейін тегін ем қабылдай алады.

3. Елді-мекендер жаңа әлеуметтік нысандармен толықты. Биылғы оқу жылында шалғай елді-мекендер Аранды және Сарыбұлақ ауылдарында 100 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жанқожа батыр ауылынан 90 орындық балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді.

Биылғы жылы Әйтеке би кентінен 160 орындық спорт кешені мен Абай елді мекенінен жаңа ауылдық клуб пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 4 ауылдың клубына (Бекарыстан би, Қ.Пірімов, Өркендеу, Қожабақы) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

4. Биылғы жылы Аранды және Сарыбұлақ ауылдарында шағын орталықтар ашылып, елді мекендердегі мектепке дейінгі тәрбие нысандарының қатары толықты. Нәтижесінде, қажеттілік туындап отырған 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен (100 пайыз) мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр. Қазіргі таңда ауданда бұл жас бойынша кезекте тұрған балалар жоқ.

5. Мал бордақылау алаңы ашылды. Ақтан батыр ауылынан «Сыр маржаны» ЖШС-нің жалпы құны 335,5 млн. теңге құрайтын «500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау кешені» инвестициялық жобасы аясында жылына 220 тонна ет өндіру жоспарланып отыр.

6. Аудан дихандары биылғы жылы егілген 7360 гектар күріштің әр гектарынан 41,7 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 30 696 тонна астық құйды. Бұл соңғы он жылдан бергі 40 центнерден жоғары өнім алынған көрсеткіш. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен облыс бойынша «ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша озат аудан» атанды. 2015 жылдың «Озат жатка машинисі» мен «Озат күріш өсірушісі» де - қазалылық шаруалар.

7. Аудан халқын сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысы бір жолға қойылды. Биылғы жылы ашылған «Әлеуметтік сауда дүкені» өнімдерді нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер арзан өніммен бірінші кезекте аудандағы тұрмысы төмен отбасыларын қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек, биыл пайдалануға берілген «Бизнес орталық» ғимараты да халық сұранысын өтеп отыр.

Соңғы жаңалықтар