ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 4,6 млрд. теңге түгел игерілді

Осыған орай Орал қаласында да нақты жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы шаһар басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда. Айталық, 2013-2015 жылдары Оралда мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ауданы 81,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл облыс орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшыларына арналған жалпы аумағы 26 мың шаршы метр 306 пәтерлік үш көп қабатты үй салынуда. Осы үш үйдің құрылысына биылғы сәуір айында 2 млрд. 109 млн. теңге (республикалық бюджеттен - 1 млрд. 839 млн. теңге, облыстық - 270 млн. теңге) бөлінді. Алдағы жылы 174 млн. теңге қосымша берілмек. Өңірдегі танымал компаниялар «Алтим» ЖШС, «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС, «СВ плюс» ЖШС салып жатқан бұл үйлердің пәтерлері салымшылар мен кезекте тұрғандарға тең бөлінеді.
Қалаға қарасты Зашаған кентінде 13 үйдің (1231 пәтер) салынып бітіп, 7 үйдің (849 пәтер) құрылысы жалғасуына байланысты оларға жол да тартылуда. Мұның жалпы ұзындығы 7,1 км болса, соның 3,5 шақырымына (мердігері «Азиятехстрой» ЖШС) жол салынды. Бұл жұмыс келесі жылы жалғасады. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес барлығы 1 млрд. 98 млн. теңге қаралса, соның 400 млн. теңгесі игерілді. Биыл бұл мақсатқа 413 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар аталған шағынаудандағы жеті көп қабатты үйге (598 пәтер) инженерлік желі тартуға берілген 305 млн. теңге толық игерілді. Жобаның жалпы құны - 536,4 млн. теңге, 2016 жылы 230 млн. теңге қарастырылуы керек. Аталған үш үйдің құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 566 адам еңбек ететін бес мердігер қатысып, жаңадан 92 жұмыс орны ашылды.
2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 13 шақырым желіні жаңартуға республикалық бюджеттен 2 млрд. 243 млн. теңге бөлінді. Осының 2143,6 млн. теңгесіне келісімшарт жасалып, мемлекеттік сатып алудан кейін 99,4 млн. теңге үнемделді. Қашықтығы 3,4 шақырым 4 магистралды жылу желісін қайта құруға 596 млн. теңге, 9,9 км кәріз коллекторын жаңғыртуға 1,559 млрд. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды. Қайта жаңғыртудан кейін тозығы жеткен кәріз құбырлары 68,6 пайыздан 66 пайызға, яғни 2,6 пайызға төмендед. Жылу және кәріз құбырларын жөндеу жұмыстарына 4 мердігер (656 жұмысшы) қатысып, 175 жаңа жұмыс орны ашылды.
Оған қоса «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы биыл басталған 500 пәтерлік 5 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы алдағы жылы аяқталмақшы. Бұл пәтерлер кезекте тұрған тұрғындарға беріледі.
«Қорыта айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес бөлінген 4,6 млрд. теңге толықтай игерілді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 1222 адам еңбек ететін 9 мердігер қатысып, барлығы 267 жұмыс орны ашылды. Ең бастысы, «Нұрлы жол" бағдарламасы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелердің оңтайлы шешілуіне серпін беріп келеді», деп түйіндеді сөзін А.Көлгінов.