ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Парламент «100 нақты қадам» идеясының заңнамалық негізін қалады

Жалпы, заңнамалық базаны үнемі жаңартып, жаңғыртып отыру - заман талабы. Өйткені, қоғамға дер кезінде қабылданған заң ел дамуын арттырып, прогрестің тиімді тетігіне айналады. Осы тұрғыдан алғанда биліктің заң шығарушы тармағы үшін биылғы аяқталып бара жатқан жыл - ерекше екпінді һәм айрықша өнімді жыл болды десек еш жаңылмаспыз. Заманның беталысына қарай заңды да реттеп, аяқ астынан туындайтын қатерлерге дер кезінде жауап беріп, жұрт болып жұмыла түсуі үшін де ең бірінші кезекте - Парламенттен, депутаттық корпустан белсенділік қажет етілетіні сөзсіз. Биылғы жыл солай болды да. Жыл басындағы саяси өмірдегі өзгерістер, сайлау науқаны, сосын Елбасы жариялаған Ұлт жоспарының реформалары Парламенттен шапшаң шешім қабылдауды талап еткені де рас. Бұрынғыға қарағанда тезірек қабылданатын шешімдер шапшаңдығымен ғана емес, бұрынғыдан да сапалы болуы керектігімен ерекшеленді.
Осы тұста биылғы сессияны қорытындылау барысында Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың «депутаттар бұрынғыға қарағанда тез жұмыс істейтін ғана емес, шапшаң сөйлейтін де болды» дегені жұртшылық есінде де жақсы сақталып қалғаны белгілі. «Қос палатаның әрқайсысы қабылданған заңдардың сапасын арттыруға өз үлестерін қосты. Мәжіліс пен Сенаттың өнімді жұмысына мысал ретінде екі заң жобасының бар-жоғы 24 күн ішінде жедел тәртіппен қабылданғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар, осы жедел қаралған екі заң жобасына тек қана депутаттардың өзі аталған уақыт аралығында жұмыс топтарында 775 түзету ұсынып, оның 329-ы қабылданды. Маған аудармашы-синхроншылар айтқанындай, осы күндері көптеген депутаттар тез жұмыс істейтін ғана емес, тіпті шапшаң сөйлейтін де болыпты», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Ал жалпы заң шығармашылығына келсек, 2015 жылы Парламент 167 заңды қабылдады. Мәжілістің өзі қыркүйектен бері қарай ғана 96 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберсе Елбасы оның 87-ісіне қол қойған. Олардың негізгі бөлігі мемлекет дамуына жаңа серпін беретін Елбасы Н. Назарбаев айқындаған бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарына қатысты болғаны анық.
Президент биылғы жылғы парламенттік сессияның ашылуында депутаттық корпустан дәл осы бес институттық реформаға қатысты заң жобаларын сапалы әрі шұғыл тәртіппен қарап шығып, 2016 жылдың қаңтарынан жаңа құқықтық алаңды қалыптастыруды тапсырған болатын. Расында да, екі ай ішінде қос палаталы Парламент «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдардың негізгі пакеті бойынша жұмысты аяқтап, қысқа мерзім ішінде қоғамдық қатынастар жүйесін кешенді жаңғырту шараларын қамтитын заңдарды қабылдады. Сондықтан да, биылғы жылдың әсіресе күзгі сессиясы депутаттық корпус үшін ерекше жемісті болды. Халық қалаулылары сенбі, жексенбі күндері де «шұғыл» деп танылған заң жобаларын талқылады. Бұл жайында Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов: «2015 жылғы қыркүйектің басы мен 7 қазан аралығында жұмыс топтарының 500-ден астам отырысы, бас комитеттердің 22 кеңейтілген отырысы өткізілді. Депутаттар заң жобаларының бүкіл топтамасы бойынша 11 мыңға жуық түзетулерді қарастырды, олардың жартысынан астамы қабылданды» деген еді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет әзірлеген заң топтамаларына шұғыл кірісіп, сапалы заңнамаларды дүниеге әкелгені үшін депутаттық корпусқа алғысын да айтты. Президент соның ішінде тұңғыш рет жария түрде жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойды. Биылғы жылы қабылданған бұл кодекстің құқық саласына түбегейлі өзгерістер әкелетінін мамандар алға тартуда. Сондай-ақ, биылғы жылы Парламент уақыт талабынан туындаған кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін қамтитын жаңа Кәсіпкерлік кодексті қабылдаған болатын. Кодекс 7 бөлімнен, 31 тараудан, 324 баптан тұрады. Құжат Қазақстандағы кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды. Айта кетерлігі, Кәсіпкерлік кодексi барысында шетелдік тәжірибелер, соның ішінде Францияның, Австрияның, Германияның, Жапонияның коммерциялық, сауда кодекстері, сондай-ақ Украинаның шаруашылық кодексі зерделенген. Бұдан бөлек, биыл халықаралық стандарттарға негізделген еңбек қатынастарын реттейтін Еңбек кодексі де қабылданды.
Айта кетерлігі, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы жүктеген жауапты міндетті орындауда қауырт жұмыстың салмағын терең сезініп, заң жобаларын талқылау барысында депутаттардың жоғары кәсіби шеберлік танытқанын ерекше атап өтеді. «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы депутаттардың барлығына алғыс айтты. Заң шығару үдерісінде Сенат пен Мәжіліс Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиямен және Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, бірлесе тиімді еңбек етті. Палатада өткен қызу пікір алмасулар мен жүргізілген арнайы жұмыстардың нәтижесінде депутаттардың ұсыныстары бойынша Ұлт жоспарынан туындаған көптеген маңызды заң жобаларына нақты түзетулер енгізіліп, олардың сапасы арта түсті. Заңдар, ең алдымен, қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы тиіс. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жаңа заң нормаларын мүлтіксіз іске асыруды және тиісті заңға тәуелді актілерді әзірлеуді жедел қолға алуы қажет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін тың белестерге бастайтын президенттік реформаны табысты іске асыру үшін біз күш-жігерімізді аямай жұмсайтын боламыз деп мен кәміл сенемін», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұтастай алғанда, күзгі сессиядағы екі айдың ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында 55 заң қабылданды. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңды да ерекше атап өтуге болады. Бұл реформа аясындағы тың заңнамалық норма. Нақты айтқанда, онда Ұлт жоспары - бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 30-және 31-қадамдарын орындау көзделеді. Заңнамада жергілікті атқарушы органдарда есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен аумақтық ішкі істер органдары жанындағы Қоғамдық кеңестердің қызметін заң жүзінде бекіту көзделеді. Ал «Өзін өзі реттеу туралы» заң аясында жергілікті қауымдастықтың құзыреті беки түседі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы кәсіпорындарды сақтауға мүмкіндік беру жолымен бизнес субъектілерінің қызметін реттеуде оңалту және банкроттық жүйесінің рөлін арттыруға ықпал етеді.Ауыл шаруашылығына қатысты «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң ауылдағы шағын шаруашылықтардың басын біріктіруді көздейді. Рұқсат беру құжаттарын азайтып, оңайлатуға бағытталған заң жобасы да ел кәсіпкерлері үшін жағымды заңнамаға айналары сөзсіз. Бұдан басқа да, бірқатар маңызды заңнамалар Парламентпен қабылданып, Президенттің қолы қойылып, бекіді.
Ендеше, Елбасы жүктеген міндетке сәйкес, Ұлт жоспарын іске асыруға арналған заңдардың басым көпшілігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі деген сөз. Осының өзі Қазақстанның тыныс-тіршілігіне, елдік дамуына қатысты біршама өзгерістер әкелетіні сөзсіз. Сондықтан да, аяқталып бара жатқан ағымдағы жылдың жақсылығын айта отырып, келер жылдан да көп үміт күтеміз!