ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ. Жемқорлық оқиғалар: «С. Ахметов, Т. Ермегияев, Б.Әбдішев істері»

19 қараша күні Астанада өткен ТМД елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекетаралық кеңесінің отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу деңгейі өсіп келеді», деп мәлімдеме жасады.
Бас прокурордың айтуынша, биылғы жылы Қазақстанда үш мыңнан астам жемқорлық қылмыс тіркелген. Осы қылмыстар бойынша мемлекетке келген жалпы шығын 8 млрд теңгені құрапты. Қазіргі уақытта оның жартысы мемлекет пайдасына алынып, биыл жемқорлық қылмысқа барған 1 мыңнан астам адам сотталды.
Сонымен, бас прокурор атаған үш мыңнан асып жығылған парақорлық оқиғаларының ішіндегі ең «айтулыларын» тізімге алып көрелік...
Әлбетте, 2015 жылдың ең басты жомқорлық оқиғасы ол - ҚР бұрынғы премьер-министрі, экс-қорғаныс министрі Серік Ахметов және Қарағанды облысының бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты іс.
Сот үкімі бойынша, экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, оның мүлкі де тәркіленетін болды. Ал, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұлов үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл істе жалпы 21 адам фигурант болды, олар жеті эпизод бойынша айыпталғаны белгілі. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл айыптар «Мәңгілік алау» мемориалын абаттандыру, «DDKZGroup» ЖШС-ға жер учаскелерін бөлу және оларды үлестес тұлғаларға өткізу, «Евростандарт» ЖШС құру және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру, «ТЛК» ЖШС қызметіне қатысу және көлік-логистикалық кешеннің құрылысына жер үлестіруде қызметтік өкілін теріс пайдалану бойынша қарастырылды.
Еске сала кетейік, Серік Ахметов 2014 жылдың қарашасында үй қамаққа алынып, сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталды. Төрт айға жалғасқан сотта қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы - айыптау актісі. Жалпы, 82 сот отырысы өтті. Іс бойынша 260 куәгерден жауап алынған. Сот процесіне 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат қатысты.
Серік Ахметов 2009 жылғы қарашада Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. 2012 жылғы сәуірден Қазақтан Үкіметін басқарды. 2014 жылғы сәуірден Қорғаныс министрі болды.
Судья Исламхан Есенбаев оқыған Үкім бойынша, Серік Ахметов колонияда он жыл отырып қана қоймайды, одан кейін тағы бес жыл мемлекеттік қызметпен айналыспайды.
***
2015 жылы маусым айында «ел құлағын елу қылған» тағы бір парақорлық оқиғасы тіркелді. Бұл тек, Қазақстан ғана емес, әлем көз тіккен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына, оның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевқа қатысты болғаны көпті қынжылтты. Талғат Ермегияев 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыпталды.
«Талғат Ермегияевқа байланысты «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бірқатар лауазымды тұлғаларымен және мердігер компанияларының басшыларымен бірге аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдік туды. Тергеу амалдары кезінде Ермегияев жымқырылған қаражаттың ішінен заңсыз сыйақы есебінде 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы алғандығы анықталды. Қазіргі кезде 10 адам қамауға алынды», - деді сол кезде ресми ақпаратты жалпақ жұртқа жайып салған ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Айгүл Шайымова.
Еске сала кетейік, оған дейін «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Үсенов ұсталып, үйқамаққа алынған болатын.
11 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Талғат Амангелдіұлы Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметінен босатылды. ЭКСПО айналасындағы дау мұнымен тоқтамады, көп ұзамай «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының тағы бір лауазымды қызметкері ұсталды. Ол «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарушы директоры - Суламбек Баркинхоев. Оған бұған дейін ұсталған компанияның басшы тұлғаларымен бірге сөз байласып, 214 миллион теңге бюджет қаражатын жалған кәсіпкерлік арқылы қолма қол ақшаға айналдырып иелену және ысырап ету туралы күдік келтірілген. Айта кетерлігі, аталған қылмыстық іс бойынша «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бес тұлғасы жауапкершілікке тартылуда, соның ішінде мердігер ұйымның басшысы да бар.
23 желтоқсанда Бас прокурордың орынбасары Нұрмұханбет Исаев «Астана ЭКСПО-2017» компаниясында қаржыны жымқыруға байланысты қылмыстық іс 500 томнан асқанын мәлімдеді. Енді күдіктілер барлық құжаттармен танысып жатқан көрінеді. Соңғы мәлімет бойынша, олар барлығы 10 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталып отыр.
Жыл басталғаннан жемқорлық ісі бойынша талай лауазымды тұлғаның апанға құлап жатқаны шенеуніктерді қатты үркіте қоймаса керек. Себебі, еліміздің бірнеше облысында мемлекеттік қызметтің әр саласында жемқорлық оқиғасы тіркелді. Соның ішінде, әкімдер «басты рөлде» болды...
Нақтырақ айтқанда, Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов пен оның орынбасарлары Фрунзик Аракелян және Мақсұт Қалиев 300 мың теңгеден 14 млн теңгеге дейін пара алды деген айыппен парақорлар тізіміне ілінгенін БАҚ жарыса жазды.
«Қостанай әкімі мен оның орынбасарлары соңғы 1,5 ай көлемінде қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар өз қызметін асыра пайдаланып, 300 мың теңгеден 14 млн-ға дейін пара алған», - деді Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров сол тұста.
Еске сала кетейік, 8 қыркүйек күні Қостанай әкімі Ахметбек Ахметжанов өз еркімен қызметінен кетті. Ертеректе пара алғаны үшін оның орынбасарлары Фрунзик Аракелян мен Мақсұт Қалиев ұсталған болатын.
Осыдан кейін 11 қыркүйек күні Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов қызметінен кету туралы өтініш берді.
Бұған дейін бірнеше парақор шенеунік қолға түскен Маңғыстау облысында Ақтау қаласы әкімі орынбасараларының бірі пара алып сотталса, бірі пара беріп ұсталды.
Тарқатып айтар болсақ, 21 желтоқсан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросы Маңғыстау облысы бойынша Департаменті облыстық тексеру комиссиясы мен Ақтау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларын ұстады.
Тексеру комиссиясының төрағасы М.Нысамбаев, Тексеру комиссиясының мүшесі А.Әменов бюджеттік қаржыны мақсатты түрде пайдаланбағанын жасырып, Абай атындағы мәдениет үйінің 2014-2015 жылдардағы қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізу кезінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін алдын ала келісім бойынша делдал арқылы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ю. Диррді (Абай атындағы мәдениет үйінің сол жылдардағы директоры) 2 млн. теңге көлемінде пара беруге мәжбүрлеген.
Осыдан кейін, лауазымды тұлғалар М.Нысамбаев, А.Әменов, Ю.Дирр ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес ұсталып, Ақтау қ. ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Бұл Ақтау қаласы әкімдігіне қатысты бірінші оқиға емес. Еске сала кетейік, биыл маусым айында Ақтау қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы, қала әкімі орынбасарының қызметін атқарған Сағынғали Амангелдиев ұсталған болатын. 25 желтоқсан күні оның үстінен қозғалған жемқорлық іске қатысты үкім шықты.
Сағынғали Амангелдиев ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлігі («Қызметтік лауазымын асыра пайдалану») және 366-бабы 3-бөлгі 2-тармағы («Пара алу») бойынша кінәлі деп танылды. Бұрынғы шенеунік 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды.
Айта берсек, өкініштісі бұл тізімді ұлғайта беруге болады. Мысалы, 1,2 млн. теңге көлеміндегі кезекті параны алып жатқан жерінде ұсталған Шығыс Қазақстан облысындағы «Ертіс» ӘӘК» ҰК басшысы Манарбек Сапарғалиевтің ісі де қоғамның үйрейін алған.
Жемқорлық қоғам мен қызметтің кез келген саласына тамыр жайып алғаны жасырын емес. Мысалы биылғы 17 шілдеде Жамбыл облысында «Қазпошта» кассирі 4,7 млн. теңгені жымқырғаны үшін сотталды. Айыпталушы әйел Рысқұлов ауданында «Қазпошта» АҚ оператор-кассирі болып жұмыс істеп жүргенде, жалған құжат жасап, 4 750 109 теңгені иеленіп, жұмсап жіберген.
Жемқорлық жасаудан аудан әкімдері де «құр алақан» емес. Мәселен, 2 қыркүйек күні Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі Нұржан Әбілдин жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды..
Таяуда ғана, 25 желтоқсанда Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметтік тергеу бөлімі басшысы С.Вольф пен бірқатар жалған кәсіпорын басшыларынан құрылған қылмыстық топ 45 мың доллар сомасында пара алу кезінде ұсталды.
Биылғы Жылдың жемқорлық тізіміне Оралда құны 94,1 млн. теңгені құрайтын жалған актіге қол қойылған оқиғаны да қоспай кетуге болмас. «Бір қызым бір қызымнан сорақы» демекші, бұл жолы тіпті «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, Ұлттық қордан Батыс Қазақстан облысына бөлінген қаржыға қол салынған. Нақтырақ айтқанда, Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшылығы қызмет бабын асыра пайдалана отырып, қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің инженерлік желісін тарту және абаттандыру нысаны бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асырған жеке кәсіпкерді 94,1 млн. теңгенің жалған актісіне қол қоюға міндеттеген.
Сөз соңында айта кетейік, есте болса, 2014 жылдың 1 шілдесінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-басшысы Мұрат Оспанов 300 мың доллар пара алмақ болып ұсталған еді. Биыл 12 қазанда М. Оспанов 1 млрд. 101 млн. 60 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп құтылды.
Біз 2015 жылы жемқорлық оқиғаға қатысты ең даулы деген оқиғаларды тізіп шығуға тырыстық. Бұл тізім ұзара бермей, ұят оянса екен деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.