ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Жылқы жылы қазыдай майлы, жаядай жайлы болсын!

Бұл жыл - еліміздегі 130-ға жуық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-шы, ал санаулы жылдар ішінде халықтың мұң-мұқтажына құлақ асар, елдегі іргелі істерге мұрындық болар «Нұр Отан» партиясының 15-ші мерейтойлық сессиясының және сонау Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің ертеңі үшін шетелде білікті кадрлар дайындау мақсатында Елбасы шешімімен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығы өткен жыл. Бұл жыл - талай жылдар көз құртына айналып, бас бермей келе жатқан «Қашаған» кенішіне құрық салынған жыл. Бұл жыл - тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы табысты өтіп, баламалы негізде барлығы 7 миллион 632 мың қазақстандық тұратын аудандық маңыздағы қалалардың, селолық округтердің, поселкелер мен селолардың 2454 әкімі сайланған жыл. Бұл жыл - Үкімет пен Ұлттық Банк олпы-солпы дайындаған зейнетақы жүйесі туралы жаңа заңнаманы Парламент қабылдап, заңнаманың жақтаушылардың да, оған қарсылық білдірушілердің де дәлел-дәйектерімен жақсы танысқан Президент оның әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы нормасын қайта талқылау үшін Парламентке қайтарып, оны халық қалаулылары еңсере алмаған жыл. Иә, бұл жыл қазақ спортшылары үшін де мол табысқа кенелген жыл ретінде тарих қойнауына еніп бара жатқандығы рас. Биыл кәсіпқой бокста шаршы алаңның шаңын қағып жүрген Геннадий Головкин 4 мәрте жекпе-жекке шығып, барлығында да қарсыластарын қалың ұйқыға жіберсе, Қанат Ислам да бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет бокстан әлем чемпионаты Алматыда өтіп, боксшыларымыз 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Алғаш рет футбол клубымыз қарағандылық «Шахтер» командасы Еурододаның топтық кезеңінде өнер көрсетіп, екі кездесуде тең түскені үшін УЕФА-дан барлығы 3,6 миллион еуро көлемінде сыйақыға ие болды. Иә, айта берсе, спортшыларымыздың да дүбірлі додалардағы жеңістері жетерлік. Сондықтан да Жылан жылы Қазақстан үшін жемісті болды деп айта аламыз. Алдымызда Жылқы жылы. Әрине, қазақ халқының жыл санауы бойынша жыл басы наурыз айында келеді. Десек те, ұлан байтақ өлкені мекен еткен қазақтардың тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Сондықтан да бұл жылдан күтеріміз мол.
Енді ағымдағы жылы орын алған маңызды оқиғаларға тоқталсақ, оның бірі «Зейнетақы жүйесі туралы» жаңа заңнаманың әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы нормасына қатысты болғаны сөзсіз. Мәжілістен өтіп, Сенат депутаттарының құп алуымен қол қойылуға келген заңды жіті қараған Мемлекет басшысы оның әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы нормасын қайта талқылау үшін Парламентке қайтарып жіберді. Азаматтардың әлеуметік жағдайын жақсарту үшін қажет болғандықтан заң жобасын жалпы қолдайтындығын, дегенмен зейнетақы жүйесін реформалау аспектілерінің бәрі жете ойластырылмағанын қаперге алған Елбасы Қазақстан халқына арнайы үндеу арнады. ҚР Президенті өз үндеуінде: «Мен зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынамын. Осыған байланысты Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырамын. Бірінші. Бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілсін. Екінші. Азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз енгізілсін. Үшінші. Міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 пайызға көбейту керек», - деген еді. Осыдан кейін Парламент Елбасы қарсылығын қайта қарап, оны еңсере алмады. Осылайша, Қазақстан көшбасшысының араласуымен талайдың көңілін күпті еткен мәселе оң шешімін тапты.
Осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу болды. Бұл мәселені өткен жылдың соңында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Сонымен бұл сайлауға 7 мыңнан астам кандидат тіркелді. Нәтижесінде барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланды. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7 пайызын құрайды. Қазіргі әкімдердің бұрынғы әкімдерден ең басты ерекшелігі - өкілеттілігінің кеңеюі. Нақты айтқанда, біріншіден, оларда ауылдық округтегі жекелеген мәселелерді шешу үшін қаржылық мүмкіндіктері кеңейе түсті. Демек ол ақша тұрғындардың игілігіне жұмсалады деген сөз. Екіншіден, бұл әкімдердің аудан-ауылдарында өкілеттілігі жоғарылады. Үшіншіден, мемлекеттік билік жүйесінде олардың басшылығы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен түйіндес келді. Сайлаудың да көздегені сол болатын. Ал мұның барлығы халық игілігі үшін жасалған шаруа деп зор сеніммен айтуға болады.
Иә, осы жылы талай жылдан бері бой бермей келе жатқан Қашаған кен орнына құрық түсті. Қашаған - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде ашылған, бүгіндері игеріле бастаған тұңғыш кеніш. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Алғашқы ашылған күнінен бастап мұнай өндіруші бірте-бірте ұлғайтқан кеніш кейінгі уақытта тәулігіне 60 мың тонна баррель қара алтын беріп келген еді. Ортамерзімді перспективада тәулігіне 370 мың баррель мұнай өндіру межесіне жету жоспарланған-ды. Өкінішке орай құбырдан екі рет газдың кеміп қалуынан кейін бүгінде өндіріс күту режіміне ауыстырылды. Зақымданған құбырлардың бірі Ұлыбритания зертханаларының біріне егжей-тегжейлі сараптамадан өткізуге жіберілді. Мұнай өндіруді жаңғырту мәселесі 2014 жылдың қаңтар айының ортасына қарай шешіледі. Ал оған дейін мұнай өндіріле бастағалы газы сыртқа шыға берген құбырларды зерттеу бойынша алдын ала есептерді алу көзделіп отыр. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Норт Каспиан Оперейтинг Компанидің» жауабын алғаннан кейін, кен орнында өндірісті жаңғырту бойынша жоспарды жетілдірмек.
Жалпы, санамалап айта берер болса, Жылан жылының жетістіктері мол екендігі анық. Биылғы 11 айдағы еліміздің Жалпы ішкі өнімі алдын ала мәліметтер бойынша жоспарлы межеден шығып, 6 пайыздық өсімді құрады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2013 жылғы қаңтар-қарашада өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 105,1 пайызға жетті. Халықтың табысы да артып, әл-ауқаты да жақсарып келеді. Биылғы 11 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5182,1 млрд. теңгені құрап, былтырғы тиісті кезеңге қарағанда 8,7 пайызға артық болды. Жылдың аяғына дейін жалпы инфляцияның көрсеткіші 5 пайыз төңірегінде болады. Ол - соңғы 10 жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Ұлттық валютамыз теңге де өз тұрақтылығын сақтап отыр. Соның арқасында Ұлттық банкке халықаралық қорын одан әрі қарай арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 93,9 млрд. доллардан асып отыр. Алдағы меже келер жылы оны 100 млрд. долларға жеткізу.
Қорыта айтқанда, өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз мол. Жылқы жылы қазақ халқы үшін қазыдай майлы, жаядай жайлы болсын деген тілек бар.