Жыл сайын 14 жасқа толмаған балалар арасында 200 мың жазатайым оқиға тіркеледі - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын республикада 14 жасқа дейінгі балалар арасында 200 мыңға дейін жазатайым оқиғалар мен жарақаттар тіркеледі. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жыл сайын республикада 14 жасқа дейінгі балалар арасында 200 мыңға дейін жазатайым оқиғалар мен жарақаттар тіркеледі. Оның 1,2%-ы мүгедектікке әкеледі. Балалардың жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан қайтыс болу жағдайларының жартысына жуығы термиялық және химиялық күйік – 54%, механикалық асфиксия - 26% және 20%-ы жол-көлік жарақаттары, кездейсоқ құлау және тағы да басқаралары», - деп жазылған Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратта.

Ведомство дерегінше, электр самокаттарды пайдалану кең таралғаннан бастап, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны да өскен. Мәселен, былтыр кәмелетке толмағандардың қатысумен болған мұндай апаттар 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқан.

«Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар өлімінің маңызы бойынша екінші сыртқы фактор - ол балалардың суға кетуі. 3 000 ата-ана арасында іріктеп жүргізілген зерттеу балалардың шамамен жартысы суда болған кезде қауіпсіздік құралдарын қолданбайтынын көрсетті», - делінген тұжырымдамада.

Қоса кетсек, Денсаулық сақтау министрлігі алдағы 7 жылға арналған Ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту тұжырымдамасы әзірлеп, құжатты ашық талқылауға шығарды.


Соңғы жаңалықтар