Жыл сайын 20 мыңға жуық адам Қазақстан азаматтығын алуға өтініш береді

«Тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды. Ал өткен жылы 22 мың адам, оның ішінде ҚР Президентінің Жарлығымен – 1 375, жеңілдетілген тәртіппен - 20 мыңнан астам адам азаматтық алды. Оның ішінде 17,6 мыңнан астамы қандас мәртебесін алды. Ал 1 287-і Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша, тағы 1 777-і тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша азаматтық алды», - дейді Шұғыла Тұрлыбек.
Министрлік БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, 2 жыл ішінде құжаты жоқ және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және тіркеу бойынша кең ауқымды акция өткізген.
Оның нәтижесінде 8 мыңнан астам адам анықталыпты.
Оның ішінде 5 мың адам Қазақстан азаматы екенін растап, куәлік рәсімдесе, 3 мыңнан астамына азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі берілген.