Жыл сайын адам саудасына қатысты 250-ден астам қылмыстық іс қозғалады - ІІМ

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын адам саудасымен байланысты 250-ден астам қылмыстық істер қозғалады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ІІМ Криминалды полиция комитетінің төрағасы Ерлан Омарбеков мәлім етті.

Жыл сайын адам саудасына қатысты 250-ден астам қылмыстық іс қозғалады - ІІМ

«Жыл сайын елімізде адам саудасымен байланысты орта есеппен алғанда 250-ге тарта қылмыстық іс қозғалады. Мәселен, нақты айтсақ 2009 жылы осы қылмыстар бойынша - 271, 2010 жылы 279 қылмыстық іс қозғалса, 2011 жылы олардың саны 287-ге жетіп, былтырғы 2012 жылы 267 қылмыстық істі құрады», - дейді Ерлан Омарбеков.

Оның айтуына қарағанда, адам саудасы қылмысы салдарынан жапа шегетіндердің жыл сайынғы көрсеткіші де артып отыр. Мәселен, 2009 жылы адам саудасының құрбанына айналған 59 адам тіркелсе, 2010 жылы олардың саны - 82, 2011 жылы - 84, ал былтырғы 2012 жылы 85 адамды құрады.

«Елімізде орын алған адам саудасы қылмысының құрбандары арасында шет мемлекеттің, оның ішінде Орталық Азия елдерінің азаматтары да болды. Бұндай азаматтардың саны 2009-2011 жылдары 9 адамды құраса, 2012 жылы 11 адамға жетті», - дейді Е. Омарбеков.