Жыл сайын екі-үш рет түзелгеніне қарамастан, бюджетте игерілмеген 30-40 млрд. теңге қалып жатыр - Г. Қарағұсова

Бұл ретте комитет төрайымы игерілмеген бюджет қаражаты тек министрлік басшылықтарының ғана емес, бағдарлама әкімшілерінің де кінәсі екенін алға тартады. «Бүгін комитеттің кеңейтілген отырысында біз кезекті рет 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістерді қарадық. Өкінішке қарай, бұған дейін де айтылғанындай игерілмеген бюджет қаражаты 150 млрд. теңгені құрап отыр. Шамамен 11 бағдарлама әкімшісі қаражаттарын игере алмаған», - деп атап өтті Г. Қарағұсова. Сонымен қатар, депутат осы сұрақ бойынша тиісті бағдарлама әкімшілерінен тұшымды жауап ала алмағанын айтады. «Бюджетке жылына екі немесе үш мәрте өзгеріс енгізу бір ережеге айналғандай. Десе де, соған қарамастан бюджеттің орындалуы туралы есеппен келгенде Үкіметте шамамен 30-40 млрд. теңге бюджет қаражаты игерілмей келіп жатыр», - дейді Г. Қарағұсова.
Оның айтуынша, бұл бюджеттік тәртіптің жоқтығын немесе ең төменгі деңгейде екенін көрсетеді.