Жыл сайын елімізде 20-25 мың мектеп түлегі өздерінің өмірлік жолын таба алмай қалуда - ҚР БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын шамамен 20-25 мың мектеп түлегі екі қолға бір күрек таппай қиналады. Мұндай мәліметтерді бүгін ҚР БҒМ кәсіби-техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру департаментінің директоры Сабыржан Мадеев келтірді.

Жыл сайын елімізде 20-25 мың мектеп түлегі өздерінің өмірлік жолын таба алмай қалуда - ҚР БҒМ

«Жыл сайын, ең қарапайым санақтар бойынша, 20-25 мың мектеп түлегі 11 жыл білім алғаннан кейін жолайырықта қалады. Олар не жоғары оқу орнына, не колледжге түсе алмайды, не әскерге кетпейді, сондықтан ешқандай бәсекеге қабілеті жетпей, екіұшты күй кешеді», - деп атап өтті ол «Кәсіби маман дайындау стратегиясы: проблемалары мен перспективалары» атты педагог мамандардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында. Айта кетейік, шара Астананың гуманитарлық колледжінің 70 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Департамент басшысының айтуынша, бүгінде бұл мәселе кең етек жайып келе жатыр. «Бүгінде осындай жұмыспен қамту орталықтарының өзі «қорыта» алмайтын жастардың көбейіп кеткені сонша, егер де біз оларды 8-ші, 9-сыныптарда өзінің бейіміне қарай бағыттап жіберген болсақ, олар 9-сыныптан кейін колледжерге түсіп, үш жылдан соң орта маман болып шығар еді деген мәселенің шешімін енді түсініп отырмыз», - дейді С. Мадеев.