Жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты 100-ден астам қылмыс тіркеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын адам саудасына байланысты 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты 100-ден астам қылмыс тіркеледі

«Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, адам саудасына қарсы күрес және оның құрбандарының құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды. Оның барысында министрлік өкілдері елдегі жағдай туралы және осы құбылыстың алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Жыл сайын адам саудасына байланысты 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Орта есеппен 5 ұйымдасқан топтың заңсыз әрекеті тоқтатылады. Бахрейн Корольдігіне, Оңтүстік Кореяға және басқа елдерге пайдалану мақсатында ел азаматтарын әкету арналары жойылады», - деді А.Боранова министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, жыл басынан бері осы бағытта 110 қылмыс тіркелді. Оның 5-уі жұмысқа салу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру фактісіне қатысты.

«Сонымен қатар жезөкшелікке тартудың 14 дерекгі анықталып, оның ішінде 7-уі кәмелетке толмағандарға қатысты. 24 адам саудасы фактісі тіркеліп, соның 16-сы кәмелетке толмағандарға қатысты болып тұр. Бұдан бөлек, жеңгетайлық пен притон ұстаудың 67 фактісі анықталды», - деді ведомство өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бір аптада Қазақстанда 3 мыңға жуық қылмыс тіркелді.