Жыл сайын өрттен келетін шығын 230 млн. теңгені құрайды

«Жыл сайын республика бойынша орта есеппен алғанда 4 мыңға тарта табиғи өрт оқиғалары тіркеледі. Өрт шалған аумақтың орташа алғандағы бір жылдық көлемі 180 мың гектарға жетеді. Ал осынау тілсіз жаудан болатын шығын 230 млн. теңгені құрайды», - деді В. Бекер.
Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізде 24 орман өрті оқиғасы орын алса, соның 4-еуі көктемде шөптесін өсімдіктерді өртеу барысындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болған. Тұтастай алғанда, орман өрттерінің 80 пайызға жуығы негізінен адамдар кінәсінен, олардың салғырттығынан орын алады.
«Осыған байланысты ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті өрт қаупінің артып отырған маусымында дала және орман өрттерінің алдын алу және жою жоспарын бекіткен. Жоспарға сәйкес, облыстық штабтар құру, өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығулар өткізу, күштерді жұмылдыру, халықты ақпараттандыру секілді мәселелер пысықталды», - деді В. Беккер.