Жыл соңына дейін елімізде 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылады
«Бүгінде «НұрОтан» партиясы орталықтан әр елді мекенге дейінгі деңгейде жұмыс жүргізу жүйесіне көшті. Бұл жолда әрбір адамның мүддесі назарсыз қалмайтын болады. Біз қоғамның түрлі әлеуметтік топтарын қамтитын 12 ірі жобаларды іске қостық. «Мықты бизнес - мықты мемлекет», «Жастар Отанға», «Сәтті қадам», «Ауыл» және басқа да жобалар өз жемісін беруде. Мәселен, партия Көшбасшысының мүгедектерді белсенді әлеуметтік өмірге тарту жөніндегі тапсырмасын орындау барысында «Кедергісіз келешек» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында бүгінде екі мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмысқа тұрғызылды. Жыл соңына дейін тағы төрт мыңға жуық мүгедек адамды жұмыспен қамту жоспарланған», - деді Б.Байбек.
Оның айтуынша, бұл жобаларды іске асыруда партиямен бірге ҚР Үкіметі, Парламент депутаттары, өңір басшылары белсене атсалысуда. Төраға орынбасары белсенділер қатарында Павлодар, Қостанай, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерін атап өтті.