Жыл соңына дейін ҚазАвтоЖол мен Қазақавтожолды біріктіру процесі аяқталады

«Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тиіс іс-шаралар атқарылды. Министрлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Қазақавтожол» ЖШС біріктіру үшін «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» қаулы жобасын әзірледі. Бұл құжат жобасы биыл тамыз айында Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіледі. Жоғарыда аталған мекемелерді біріктіру процесін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.
Ведомство мәлеметінше, біріккеннен кейін, біртұтас компания «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ деп аталатын болады.
«Бұл іс-қимыл жолдарды күтіп ұстау бойынша барлық жұмыс барысын толық бақылауға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын пайдаланушылардың сауалдары мен шағымдарына жедел әрі уақытылы ден қоюды қамтамасыз етеді, сондай-ақ төтенше жағдайлар болған жағдайда мемлекеттің жұмылдыру дайындығы деңгейін арттырады», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мелекет басшысы «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтожолды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды.