Жыл соңына дейін патрульдік және жол полициясын біріктіру көзделеді - ІІМ
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Елімізде жылдың соңына дейін патрульдік және жол полициясы біріктіріліп «әмбебап полициясын» енгізу жоспарланады. Бұл туралы бүгін елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, былтыр бір жыл бойы Павлодар облысы Ішкі істер департаменті мен Тараз қаласының Ішкі істер басқармасы базасында патрульдік және жол полициясын біріктіру арқылы «әмбебап полицей» қызметінің ілкі жобасы сынақтан өткізілген.
«Сынақ жеткілікті түрде оң нәтижелер көрсетті. Жалпы, екі қызметті біріктіру патрульдеудің бір бағытында жасақтардың қайталануын алып тастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде көшелерде, басқа да қоғамдық орындарда олардың тығыздығы артады, бұл өз кезегінде полиция жасақтарының оқиға орнына келуінің уақытылылына, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге, қылмыстардың ізін суытпай ашуға және жалпы криминогендік ахуалдың жағдайына оң әсерін тигізеді», - дейді министр Қ. Қасымов.