Жыланды ауылында 26 үйді су басып, 198 адам эвакуацияланды - Қарағанды облысы (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 29 наурызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жыланды ауылында Сарысу өзені тасып, 26 жеке тұрғын үйді су басты, 198 адам эвакуацияланды.
None
None

Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖ комитеті хабарлады.

Олар туысқандарының үйлеріне және Жыланды ауылының мектеп ғимаратына орналастырылды. Қазіргі уақытта су басу орнынан адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау және малдарды шығару жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жағалауды нығайту жұмыстары (жер үймегі, құм төсеу) жүргiзілуде.

Сағат 13.00-дегі жағдай бойынша, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін су басқан аймаққа Жезқазған қаласынан құтқару, жол қызметі, ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы органдардан колонна келіп жетті.

Сонымен қатар Қарқаралы ауданының Н. Әубәкіров, Матақ, Көктас ауылдарында суды бұру және сорып шығару жұмыстары жүргізілуде.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге барлығы 89 адам мен 27 бірлік техника жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар