Жылдамдықты арттырған астаналық жүргізушілерге жыл басынан бері жарты миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері жылдамдықты арттырғаны үшін астаналық жүргізушілерге жарты миллиард теңгеге жуық айыпұл салынған.

Жылдамдықты арттырған астаналық жүргізушілерге жыл басынан бері жарты миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды

Бұл туралы Астана қаласы Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Басқарма мәліметтеріне қарағанда, өткен 7 айда Астанада жылдамдық асырудың 59 мың оқиғасы тіркелді. Соған орай, жол ережесін сақтамағандардың мекен-жайларына 38,5 мың ұйғарым жолданған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Ал салынған айыппұлдар көлемі 467,5 млн. теңгені құрап отыр.

«Бұдан бөлек, қалада тәртіп бұзушылықтарды тіркейтін 55 фото және бейне фиксация жүйесі автоматтық режімде жұмыс істейді, соның ішінде көлік пен жаяу жүргіншілер көп жүретін жерлерде орнатылған 49 «Red speed» стационарлық жылдамдық өлшейтін құрал және 6 «Интерга» жол қозғалысын бақылау жүйесі бар. Сонымен қатар, жол полициясы инспекторлары «Визир 2М» жылжымалы жылдамдық өлшегіштерді жиі қолданады, бұл құрал жылжып бара жатқан көліктің жылдамдығын өлшеуге, бір уақытта тәртіп бұзушыны суретке және бейнекамераға түсіруге мүмкіндік береді», делінген баспасөз баянында.

2013 жылғы 7 айдың ішінде Астанада 324 жол-көлік оқиғасы орын алса, соның ішінде 31-і жылдамдықты арттыру бойынша. Осы келеңсіз жағдайдың салдарынан 3 адам қаза тауып, 36 адам түрлі жарақаттар алды.