Жылдың жеті жаңалығы - Қостанай облысы
Инвестиция көлемі 2 есеге өсті
Былтыр облыс орталығында ашылған индустриялық аймақтың негізгі мақсаты - жеке кәсіпкерлерді қолдап, отандық және шетелдік өндіріс нысандарының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта өңірге инвестиция тарту жұмыстары жемісті жүзеге асырылды. Биыл облыс қазынасына шетелдерден 166,1 млрд теңге тартылды. Жыл ішінде 14 жаңа инвестжоба жүзеге асты. Оған 20 млрд теңге жұмсалды. Мәселен, «Баян сұлу» АҚ 900 млн теңгеге өнімдерін ұлғайтып, экспортқа шығатын мүмкіндікке ие болды. Кәмпит фабрикасында 23 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұған қоса Әулиекөл ауданында мал азығын дайындайтын жем зауыты ашылды. Өндіріс орнына бағытталған сома - 1,2 млрд теңге. Қазіргі уақытта зауытта 50 адам жұмыс істейді. Осы жылдың қазан айында «Kostanay Invest 2018» инвестициялық форумы өтті. Форум барысында облыстың ішкі-сыртқы нарықтағы экономикалық әлеуеті таныстырылып, инвестициялық тартымдылықты жақсарту және күштерді біріктіру бойынша 19 меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 251 млрд теңге болатын инвестициялық жоба іске асады.
Бес бастаманың нәтижесі
Облыста 2 мың студентке арналған 5 жатақхана құрылысы басталды. Мұның сыртында кәсіпкерлерге шағын кредит беруді кеңейту үшін 4,1 млрд теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта сомасы 2,8 млрд теңге болатын 772 шағын кредит мақұлданды. Өңірде 8 елді мекен газдандырылды, алдағы 2 жылда тағы 4 елді мекенге газ жеткізілетін болады.
Мемлекет басшысының еңбекақыны көтеру жөніндегі бастамасын көптеген кәсіпорындар қолдады. Еңбекақыны ұлғайту барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардың 36 мыңнан аса адамын қамтиды. Бұдан басқа, ең төменгі жалақыны көтерумен қатар, 200-ден астам ірі бизнес нысанында 35 мың жұмыскердің еңбекақысы өседі. Сондай-ақ, Президенттің екінші бастамасын іске асыру бойынша облыста 57,2 мың адамның салық жүктемесі азайтылады.
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан бері 17,0% өсімімен 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
«7-20-25» бағдарламасының шеңберінде 60-тан астам өтінім қарауға келіп түсті. Бастапқы жарналарды жеңілдетілген ипотека бойынша ішінара субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен 83,7 млн теңге бөлінді. Жалпы алғанда, жыл қорытындысы бойынша 352 кредит беру жоспарлануда.
Бесінші қала пайда болмақ
2018 жылғы ақпан айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында өңірде тағы да бір қала пайда болуы мүмкін екені айтылды. Кейін Затобол кентінде осы елді мекенге қала мәртебесін беру және атын өзгерту мәселесіне арналған жергілікті қоғамдастықтың жиналысы өткізілді. Тұрғындар бұл ұсынысты толықтай қолдады.
2018 жылғы 9 қарашадағы республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысы бойынша Қостанай ауданының Затобол кентін Тобыл қаласы деп қайта атау туралы облыс әкімдігінің ұсынысы мақұлданды. Қазіргі уақытта құжаттар Үкімет қарауында жатыр
Бұдан бөлек, зиялы қауым мен Таран ауданы жұртшылығының Елбасына, облыс және аудан басшылығына жолдаған жазбаша ұсыныстарына сәйкес, Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі беріледі.
Жаңа нысандар - экономика тетігі
2018 жылы облыста жаңа кәсіпорындардың саны артты, соны сапаға көшті. Өндірістік сала дамып, ауыл шаруашылығы тауарлары еселенді. Мұның бәрі жаңадан ашылған өндірістік, әлеуметтік нысандардың жетістігі. «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласындағы 3 жобаны іске қосты. Соның бірі - Арқалықтағы ет комбинаты. Кәсіпорын жылына 3 мың тонна ет өңдеуге дайын. Алдағы уақытта қуаты жылына 5 мың бас болатын мал бордақылау алаңы салынады. Телекөпір барысында еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені - «Бэст Костанай» ЖШС іске қосылды. Аталмыш кешен көлемі бойынша 1 300 тонна астықты сақтай алады. Бір күнде 250 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Мұнда жоғары сұрыпты, бірінші, екінші сұрыпты ұн шығарада. Қондырғылардың барлығы Түркия елінен алынды.
Бұдан бөлек, Қостанай қаласында ашылған «Трансальпина» жем зауытының нәтижелері де көз қуантады. Жоба құны - 1 млрд теңге. Рудный цемент зауытына 16,8 млрд теңге жұмсалды. Мұнда 300-ден астам жұмысшы бар. Ал Әулиекөл ауданындағы «AgroBioAuliekol» зауыты құрамажемді екінші шикізаттан жасайды.
Индустриялық аймақта ресейлік «Композит Групп» холдингінің жобасы МТЗ тракторларының өндірісі орналастырылды. Қазіргі уақытта құрал-жабдықтар сатып алынды. Айта кетейік, 2019 жылы индустриялық аймақта астық және майлы дақылдарды терең өңдеу ауыл шаруашылығы хабын салу жұмыстарына кіріс жоспарланған. Жобаның құны оның алғашқы сатысында 2,3 млрд теңге болады, жақын жылдары 15 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірісте 200 адам жұмыс орнын табады.
Индустриялық аймаққа «Астық» элеваторлық құралдар зауыты өзінің құрылыс материалдары және металл құрылғылары цехын салып жатыр. Құны 1 млрд теңге болатын цех 20 шақты адамға жұмыс береді. Осындай ірі-ірі инвестициялық жобалар облыс экономикасын ілгерілететіні сөзсіз.
Мемлекет басшысының мемлекеттік-жекеменшеік әріптестік шеңберіндегі жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасы жүйелі орындалып келеді. Өңірде 17 млрд тенге сомасында 45 әріптестік шарты жасасылды, жалпы инвестиция сомасы 27 млрд теңгеден астам қаражатқа 68 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Осының арқасында облыста «FutsalArena» спорт кешені, Қостанай қаласында күштік спорт түрлері академиясы, спорттық-көңіл көтеру кешені және футбол манежі салынды. Облыс орталығында 2,5 мың орынға арналған мұз айдыны сарайының және 50 метрлік бассейннің құрылысы басталды.
60 мың көлік шығарылмақ
Қазақстанның көлік құрастыру зауыттарының көшін Қостанайдағы «Сарыарқа Авто Пром» бастап тұр. Бұл жерде жарты жыл ішінде 5 мың 297 көлік жасалып, ел және шетел нарығына сатылған.
Жақында Қостанайда автокөлік құрастыратын AllurGroup пен қытайлық Genertec (ChinaGeneralTechnologyGroup) тобына енетін СМС (ChinaNationalMahcinery IMP.& EXP. CORP) компаниясы автоөндірісті дамыту және импорт пен экспорт мәселесін бірлесе отырып реттеу туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Енді «AllurGroup» автохолдингі акциясының 51%-і қытайлық компанияға тиесілі болмақ. «Genertec» отандық автоөндіріс саласына 10 жыл ішінде жалпы көлемі 1,1 млрд доллар қаржы салуға ниетті. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС ұсақтүйінді өндіріс бойынша жаңа технологиялық əдісті іске қосты. Əдіс «монокок» деп аталады. Тың тəсіл бірінші JACS3 кроссоверіне қолданылды.
«СарыарқаАвтоПром» келесі жылы JAC автокөлігінің S7, Т6 пикап үлгілерін шығаруды қолға алады. Ал 2019-2021 жылдар аралығында JAC, ANKAI, HOWO, HANTENG автокөліктері мен автобустар құрастырылады. 2023 жылға қарай Қостанайда жылына, кем дегенде, 60 мың автокөлік шығару көзделіп отыр.
Сандық жүйелердің жемісі
Қостанай облысында цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осыы жылы өңір агроөнеркәсіптік кешен мен медицинаны цифрландыруды енгізуге пилоттық болып таңдалды. Өңірде «ақылды» фабрика, «ақылды» май зауыты, «ақылды» құс фабрикасы және сүт және ет фермалары енгізілді. Техниканы бақылаудың «ақылды» жүйелері жұмыс істей бастады. Жалпы облыстың медициналық ұйымдарында DamuMed медициналық ақпараттық жүйесі толығымен орнатылды. Облыс өндірісіндегі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Варваринское», «Қостанай минералдары», «Баян сұлу» АҚ, «Промбаза-7» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өндіріске Индустрия 4.0 пен цифрландыру элементтерін қосты. Мысалы, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Качар кенішінде өткен жылдан бері жұмыс «ақылды карьер» технологиясымен жүреді. Қазір Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кеніштері де жұмысты барынша жеңілдететін, уақыт үнемдейтін осындай озық технологияға көшіп жатыр.
ЭКСПО-2017 көрмесінің мүмкіндіктері
Өткен жылы Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі экономикада игі өзгерістердің болуына ықпал етті. Көрмеге энергия үнемдеу саласы бойынша облыстан 2 жоба қатысқан еді. Олар: Қарасу ауданында органикалық қалдықтарды пайдалану арқылы жасалатын биогаз өндірісі және полиэтилен шөлмектерін қайта өңдеп, іске асыратын мата емес материалдар фабрикасы. Қазіргі уақытта көрмеден алынған тәжірибелер зауыт-фабрикаларда кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, «Қостанай минералдары» кәсіпорны рекуперативті тоқтайтын электровоз тұтынғалы электр энергиясының 17 процентін үнемдейді. Сонымен қатар кәсіпорынның аумағында орналастырылған күннен қуат алатын 10 кВт батарея электр желісімен қатар жұмыс істейді. Кәсіпорындағы сынап лампалары үнемі мол жарық диодты лампаларға ауыстырылды. Ал алтын өндіретін «Варваринское» акционерлік қоғамында күн энергиясын пайдаланатын қондырғылар орнатылды. Өйткені бұл қондырғы орнатылған учаске электр энергиясын беретін көзден шалғайда орналасқан болатын. «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытынан электр энергиясымен жүретін JAC электромобильдері шығарыла бастады.