Жылқы жылы ұлтымыздың жылы болсын - Б.Жұмағалиев, соғыс және еңбек ардагері, БҚО

ОРАЛ. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа жылқы жылы ұлтымыздың жылы болсын. Бұл туралы Орал қаласында тұратын өңірге танымал соғыс және еңбек ардагері, кезінде Батыс Қазақстан мен Көкшетау облыстарында басшылық қызметтер атқарған, жаңа жылда 92 жасқа толатын Бисен Жұмағалиев мәлім етті.
None
None

«Өткен жыл елімізге, соның ішінде облысымызға да жаман болған жоқ. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында өсім бар. Әлеуметтік, мәдениет салаларындағы оң өзгерістерді ел­жұрт, соның ішінде ауылдағы ағайын айқын сезінуде. Әсіресе, өткен желтоқсан айында Сайқұдықта Жұбан мектебінің жаңа ғимаратқа көшуі елеулі оқиға екені сөзсіз. Мен өзім Жұбан ақынды жақсы білемін, замандасы ретінде араластым. Оның майдандағы, бейбіт өмірдегі, әдеби саладағы қыруар еңбегі өз алдына, Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды қорғап сөйлегені, сол кездегі ерлігі ешқашан ел есінен кетпек емес. Енді жаңа білім ұясы ақын атына сай болады деп ойлаймын. Жалпы алғанда, 2013 жылы батысқазақстандықтардың көңіл-күйі көтеріңкі, облысымыздың еңсесі биік болғаны сөзсіз. Мұны өңірге сапары кезінде Елбасымыздың өзі атап өткен еді.

Біздер, майдангерлер үшін Елбасымыз бен мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жақсылықтың жасалып отырғаны қуантады. Оның үстіне ТМД елдері қатарында Қазақстан да Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге әзірленуде. Кейінгі жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігін насихаттау әрқашан парызымыз болып қала бермек.

Жаңа жыл - Жылқы жылы. Ендеше, жылқы - ұлтымызға ең жақын жануар. Себебі қазақ - жылқы мінезді халық. Қобыландыны Тайбурылсыз, Ақан серіні Құлагерсіз елестету қиын. Ал Луговой жылқы зауытының "перзенті", XVII олимпиадалық ойындардың чемпионы Абсент ныспылы жылқы қазақтың атын әлемге әйгілі қылды. Міне, «Жігіттің даңқын аты шығарады» деген осы. Келіп қалған Жылқы жылы да еліміздің абырой­даңқын асқақтатсын, батысқазақстандықтардың мәртебесін арттыра берсін», - деді тоқсаннан асқан, елге сыйлы ақсақал.

Соңғы жаңалықтар