Жылқы жылының ерекшелігі қандай? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғындардың қалыпты өмірін қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор, мемлекет үшін өте жауапты салалардың бірі болып саналады. Еліміздің осы бір күрделі салада соңғы жылдары жүргізген реформалары ешбір тиімділік бермей отыр. Оған көпқабатты үйлердің тағдыры тапсырылған пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) жұмысындағы белең алған берекесіздік те кесірін тигізуде. Бұл туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газеті «ПИК - күрмеуі күрделі кооператив» атты мақаласында жазып отыр.

Басылымның мәліметінше, бүгінде Астана қаласында 2231 көпқабатты тұрғын үй бар. Міне, осы тұрғын үй кешендеріне 363 ұйым қызмет көрсе­теді. Оның ішінде 208-і пәтер иелерінің кооперативтері болып табылады. Осыған ұқсас қазіргі күнде республикамыздың барлық қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерді басқару және қызмет көрсету саласы түгелдей дерлік ПИК-тердің құзырына көшкен. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес ПИК - кондоминиум нысанының ортақ меншігін бірлесіп басқару үшін құрылған пәтер иелерінің коммерциялық емес ұйымы. Өкінішке қарай, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша 1993-1996 жылдары елімізде жүргізілген тұрғын үй қорын жекешелендіру реформасы жартыкеш күйінде іс жүзіне асырылған. Реформа бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің тек пәтерлері ғана жекеменшікке берілген. Ал көпқабатты үйлердің шатырлары, жертөлелері, кіреберістері және жалпы үй маңай­ындағы аумағы, коммуникациялар жүйесі ортақ меншік күйінде қалған. Ортақ игіліктің қалай талан-таражға салынғанын көзімен көрген біздің тұрғындар үшін «ортақ меншік» ұғымы иесіз, сұраусыз мүлік ұғымымен астасады.

Мақала авторының пікірінше, онсыз да шегіне жеткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жедел түрде, нағыз жанашырлықпен жасалатын күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Сондықтан уақыт сынынан өткен кеңес заманындағы тәжірибені қайта қалпына келтіру керек. Қазіргі қаптаған ПИК-тер мен қызмет көрсету компанияларының орнына техникалық базасы мен кәсіби кадрлары мықты әлеуетті үй басқармаларын немесе коммуналдық-муниципалдық шаруашылықтар құру қажет. Бұл үй басқармалары жергілікті атқару органдарына қарасты муниципалдық меншікте болуы керек. Олардың жұмысын реттеу және бақылау міндеттері әкімдіктер жанынан құрылып жатқан тұрғын үй инспекциялары басқармаларына жүктелуге тиіс. Міне, сонда ғана бүгінгі еліміздегі көпқабатты тұр­ғын үйлердің қордаланған проблемаларынан құтылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға мүмкіндік туады.

Магистрлер мен PhD докторлар дайындау - білім беру саласын ғылыми негізде жаңғыртуға жол ашады. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Дамыған бәсекеге қабылетті мемлекет болу үшін біз жоғары білімді ұлт болуға тиіспіз», деп атап көрсеткен. Бұл келешекте еңбек нарқы талап ететін маман дайындау керектігін меңзейді. Оның ішінде, заман ағымының қандайына болса да төтеп беретін және адам капиталының бәсекелестік қабілеттілігін қамтамасыз етуде математика мен информатика мамандарын әзірлеу қажеттігі де жатқаны анық. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Абай Бидайбеков «Информатика өмір мәніне айнала бастады» деген мақаласында жазып отыр.

Автордың пікірінше, жалпы, ғылыми жаңалықтарды білім саласына, оның ішінде білім беру пәніне ендіру оңай дүние емес. Ол ұзақ уақытты, тапжылмай отыратын еңбекті, зерттеулерді талап етеді. Айталық, физика ғылымының жалпы білім беру пәніне айналуына 300 жылдай уақыт кеткен екен. Ал, информатика ғылымының педагогтардың ғылыми-әдістемелік зерттеулері негізінде жалпы білім беру пәніне айналғанына 40 жылдай-ақ болды. Әрине, ғылыми жаңалықтың білім пәніне тезірек айналуы заманауи жағдайларға, өмір талабына, ғылыми-әдістемелік зерттеулердің нәтижесіне тікелей байланысты. Информатика ғылымының жалпы білім беру пәніне тез айналуы, дәуірдің жедел қарқынына байланысты болса керек. Оның үстіне, білім беру информатикасы білімді ақпараттандырудың ғылыми-практикалық тұрғыда жаңа сала ретінде қалыптасуда.

«Білім беру математикасы мен информатикасы бойынша маман дайындау тек педагогика емес, ғылыми-педагогикалық негізде әдіснамалық, әдістемелік қағидалармен қаруланған жоғары дәрежелі математик-әдіскерлер (информатик), нағыз математикті (информатикті) әзірлеуді қолға алу керектігі туындап отыр. Бұл келелі іс біздің информатика, математика және білімді ақпараттандыру кафедрасында толығынан ескерілген. Бұл жұмысқа белгілі ғалым-профессорлар: Д.Жұмабаев, А.Асанова, А.Ақышев, Ш.Билялов, М.Қалимолдаев, А.Дүйсебаев, тағы басқа әріптестер қолдаушы болып жүргенін атап кетсем артық болмас», - дейді автор.


***

Енді бес күннен соң жұмыр жер бетіндегі барлық тіршілік иесі Жаңа жыл - 2014 жыл - Жылқы жылының табалдырығын аттайды.

Әрине, жұмыр басты әр пенденің жыл он екі айда бір айналып келетін жаңа жылды асыға күтіп, одан бақыт пен ұлан-асыр қуаныш күтетіні ақиқат. Әсілінде, адам үшін әрбір жылдың тек өзіне ғана тән берер несібесі бар . Бұған қоса, сонау ғасырлардан күні бүгінге дейін жер шарындағы әр тұрғын бұл күнге айрықша дайындықпен, үкілі үмітпен келетіні тағы анық. Жалпы, әр жылдың өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Бүгін біз Жылқы жылының ерекшелігі, сондай-ақ осы жылы өмірге келген адамдардың өмір жолы қандай болатын­дығы тәрізді тағы басқа бірқатар сауалдарға жауап іздеуге тырыстық, деп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы «Жылқы жылының ерекшелігі қандай?» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, Шығыс елдерінің жылнамасы бойынша алдағы Жылқы жылында тұрғындардың ешқандай қауіп-қатерсіз, мамыражай тірлік кешетіндігін және мұны жылқы малының тамаша қасиетімен, әсіресе, иесін жанындай жақсы көретіндігімен байланыстырады. Реті келгенде айта кетсек, ежелден мал бағудың қыры мен сырын терең меңгерген, жылқының қасиет-қадірін оның түр-тұрпатына қарап айыра білген қазақ халқы үшін жылқының да, Жылқы жылының мән-маңызы ерекше. Содан да болар, ата-бабаларымыз Жылқы жылынан зор үміт күткен. Тіпті осы жылы өмірге келген немере-шөберелеріне жылқы сөзі қосарланған (Жылқыбек, Жылқыбай, т.б.) деген есімді беруді жөн көрген. Мұның сәби ержеткенде оның бойынан жылқыға тән айрықша қасиеттер, жайдары жылылық есіп тұрсын деген ниеттен туған ой-пайым екені даусыз. Өмірдің өзі мұны нақты дәлелдеп отыр. Қайсыбір зерттеуші-ғалымдар, жылқының бостандық сүйгіш, кез келген адамның қолға үйретуіне тез көнетіндігін жаңа жылда адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің, жылы ықыласының анағұрлым арта түсетіндігін айғақтайтындығымен түсіндіреді.

Жұлдызнамашылардың пікірінше, әдетте адамның мінез-құлқы мен қайсыбір қылықтары қай жылы туғанына, нақты айтқанда, мінез-құлқы сол жылдың атауын алған жануардың мінез-құлқына көп жағдайда өте ұқсас келеді екен. Демек, жылқы жылы туғандардың мінез-құлқы жылқыға ұқсайды. Әсілінде, жылқы жылында туғандардың алғыр және өте талантты болып келетінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мұны ғалымдар да қуаттап, туған жылы мен өмірге келген айының адамның ағзасы мен психологиясына, әлеуметтік жағдайына барынша ықпал ететінін дәлелдеуде. Мұның қаншалықты шындық екендігін кім-кімнің де күнделікті өмірде пайымдап көруіне әбден болады. Мысалы, еліміздің кең байтақ жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғай білген ер жүрек батыр Қаракерей Қабанбай, абыз ақын-жырау Жамбыл Жабаев, қазақ халқының Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тәрізді біртуар классик ақын-жазушылары жылқы жылы өмірге келген. Осы адамдардың еліміз тарихында биіктен орын алғандығы және барлығының да тума талант иелері екендігі шын мәнінде, жылқы жылы өмірге өте талантты да дарынды тұлғалар келетіндігін айқындай түседі. Бұған қоса, қазақ үшін киелі де қасиетті жануар жылқының өте таза болып келетіні тәрізді бұл жылы туғандар ең алдымен, әр нәрседе тазалықты жанындай жақсы көреді екен.

Мемлекеттің ең маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі - ел тұрғындарының әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топтарын қолжетімді баспанамен толық қамтамасыз ету. Бұл туралы «Айқын» газеті «Ең оңтайлы тәсіл - тұрғын үйді жалға алу» деген мақаласында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Республикамызда 2012 жылы қолжетімді тұрғын үй құрылысы нарығында біршама оң жетістіктер орын алғанымен, әлі де тұрғындардың басым көпшілігі несие алу мүмкін­діктерінің шектеулілігіне байланысты, тұрғын үй жағдайларын жақсарта алмай отыр. Бірақ Мемлекет басшысы халық мүддесінен туын­даған бұл көкейкесті мәселені тұрақты назарда ұстап, тұрғындарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың кешенді түрде жүзеге асырылуына басымдық беріп келеді.

Әрине, ипотекалық несие алуға ел тұрғындарының барлығының жағдайы көтере бермейді. Бірақ бұл санаттағы тұрғындар үшін басқа бір оңтайлы тәсіл қалыптасып келеді. Ол - тұрғын үйді тұрғындарға жалға беру. Халқымызды мүмкіндігінше баспанамен тезірек қамтамасыз ету мақсатында қазір Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй құрылысы барынша дамытылғалы отыр. Тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жолындағы осы бір мемлекеттік маңызды бағдарла­маны іс жүзіне асыруда «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы көшбасшылық танытып отыр. «ҚИК» ИҰ» АҚ «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасының «сатып алу құқығымен жалға беру» бағытының негізгі операторы болу үшін осы мәселеде шетелдердің жинақталған тәжірибесін жан-жақты зерттеп, тұрғындар үшін жалға берілетін пәтерлердің бағасын барынша төмендету жолындағы мүмкіндіктерді мейлінше қарастырды. Осындай тыңғылықты дайындықтан кейін «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғындарды жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қозғалысына көптеп тартудың тиімді тетіктерін кеңінен пайдалануды көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар