Жылқыны соққан мотоциклдің жүргізушісі де, жолаушысы да мерт болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында мотоцикл тізгіндеген жасөспірім мен қасындағы адам жылқыны соғып, өздері мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жылқыны соққан мотоциклдің жүргізушісі де, жолаушысы да мерт болды

29 тамызда Ақшат ауылының маңындағы Ақтөбе-Солтүстік айналма жолындағы жол апаты екі адамның өліміне себепші болды.

Ақтөбе-Солтүстік айналма жолының шамамен 10-шы шақырымында Ақшат ауылынан Солтүстік айналма көпіріне қарай Yamaha мотоциклімен келе жатқан 17 жастағы бозбала жылқыны соққан. Кәмелеттік жасқа толмағандықтан оның көлік құралын жүргізуге құқы жоқ.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 17 жастағы мотоцикл жүргізушісі мен оның қасындағы 18 жастағы қыз есін жимастан, оқиға орнында көз жұмды.

Полиция департаментінің қызметкерлері қайтыс болған жасөспірімдердің ата-аналарына көңіл айтып, қалың көпшілікке кәмелеттік жасқа толмаған баланы көлік құралына отырғызуға жол беруге болмайтынын және түн ішінде үйде болуын қадағалау керек екенін ескертеді.