Жылусыз қалған Риддерде жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды

None
РИДДЕР. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігі Риддердегі апатты жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, 7 қарашада (сағат 3.40-та) Риддер ЖЭО-да №2 қазандық іске қосылды.

Ал № 1 қазандық іске қосуға дайындалып жатыр. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: кесте бойынша – 70 градус, іс жүзінде 30 градусқа дейін төмендеді.

3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандық тоқтатылды.

4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандық тоқтатылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен құрылған «Риддер ЖЭО» АҚ төтенше жағдай жөніндегі жедел штабына ҚР Энергетика министрлігі атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірді.

«Қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі шеңберінде өңірдің: Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмысы ұйымдастырылды, сондай-ақ мазут қоры жедел толықтырылып жатыр» деп мәлім етті министрліктен.

Еске сала кетейік, кеше Риддерде жылу электр орталығынан тағы да ақау шығып, арнайы штаб құрылды .

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, тұрғын үйлердегі 22 мыңнан астам абонентке жылу беру азайтылды.


Соңғы жаңалықтар