Жылылықты аңсау

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Адамдар ессіз сүйгендіктен ғана отбасын құрмайды. Ер мен әйелдің бір-бірінің, болашақтың алдындағы жауапкершілікті сезінуі - отбасы бірлігін нығайтады. Кезінде әжелеріміз, аналарымыз сол жауапкершіліктің салмағын сезінгендіктен бір үйдің отанасы болып, сол үйдің ошағын жағып, жылылық таратып отырды ғой. Біз үшін неге әже, ана образы соншалықты жақын, соншалықты ыстық? Себебі, біз олардан жанымызға керек жылуды алдық. Жалпы әже, ана, әйел мен үшін жылылықтың бір көрінісі секілді. Жаның жабырқаса, денең тоңазыса жылуды күтесің ғой. Міне, сол жылу анадан, әйелден берілетіндей. Біздің өмірімізге жылылық қаншалықты керек болса, әйелден келетін жылуды да соншалықты аңсаймыз».
None
None

«Алашфильм» түсірген «Үт» фильмінің сценарийін жазған Асыл Құдайбергенов бізбен әңгімесінде осылай дейді.

Үттің кіруі - қазақ үшін құттың кіруімен бірдей. Қыстың суығына жаның тоңазып, көктемнен хабар күткен сәтте жабықтан, түңліктен, терезеден түсетін күн сәулесінде аппақ тозаң ұшқанын байқасаңыз, сол сәуледегі ұшқынды халық үт дейтінін де білетін боларсыз. «Үт келді, құт келді!» деп, бала-шағасымен қоса қуанған біздің халық үшін үттің орны ерекше. Өйткені, күн жылыса, жер көктеп, мал төлдеп, елдің аузы аққа тимей ме? Жеке шаруа қожалығының басшысы, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ Бегайдар да, оның айналасында жүрген бұрынғы профессор, қазіргі малшы Күреңбай атай да, үй қызметкері Қатша да, оның әкесіз өсіп келе жатқан ұлы Мырзағұл да - бәрі-бәрі бір жылуды аңсайды. Осы кейіпкерлердің қоңырқай тірлігі барысындағы армандары мен өткені жайлы әңгімелері кинода ашыла түседі. Бегайдардың келіншегі, аяғы ауыр Айшаның жайдарылығы, болашақ ана ретіндегі мейірімі, қамқорлығы кино кейіпкерлерінің әрқайсысының бір жыртығын жамауға жетпесе де, жылы бір лепті әкелгендей болады. Кино барысында Айшаның Күреңбайға тігіп берген кітапқабы да, Мырзағұл құрдастарым ұстап жүр деп қызығатын ұялы телефонға қажетті аз-мұз ақша да кейіпкерлердің ғана емес, көрерменнің де жүрегіне жылылық себелейді. Кино кадрларында көрініс беретін ауылдың қоңырқай тұрмысы да шынайы бейнеленген. Алайда, кино кейіпкерлерінің бәрі де «Жерұйықта» өмір сүріп жатқан жоқ. Олардың әрқайсысының өзіндік бір пенделігі, кемшілігі де бар. Бәрі де өздерінше әділетті бола тұра, жоқ жерден күнәһар. Бойларында барымен өмір сүруді үйренген олар күткен жылылық қайдан келмек? Қараңғы түнде от басында отырған олар босана алмай жаны қиналып жатқан Айшаның жағдайын көре отырып, өз өмірлерін де көз алдарына кинолентасындай елестетіп жатқандай көрінеді... Фильм толық аяқталмай қалғандай әсер ететін тұс - баланың өмірге келген-келмегенінің белгісіздігі. Ол туралы фильмнің режиссері Кенжебай Дүйсенбаев: «Бұл фильмде кейіпкерлеріміз мына қатыгез өмірден көңілін жадыратар жан жылуын іздейді. Мына дүние ұрпақ үшін күрестің «ұлы сахнасы» десек, әйел - сол сахнадағы басты кейіпкер. Өйткені, ол тіршіліктің тұтқасы. Фильмде адами мәңгілік құндылықтарға деген құрметке, оны дәріптеуге деген ұмтылысқа куә боламыз. Ана бейнесін асқақтату, ана болмысын ұлықтау - киноның негізгі мақсаты. Қазақы ауылда, қазақы ұғымға ыңғайластырылған шиеленісті оқиғаның тұла бойын махаббат пен ғадауат, зұлымдық пен ізгілік кернеп тұр. Фильмде нәзік жанды, жұмбақ болмысты қайсар әйелдің ұрпақ үшін күресі, оның маңайдағы күйкі тірлік қамымен жүрген барлық пенделерді өмір, тағдыр, ұрпақ деген қасиетті құндылықтар төңірегіне топтастыруға ұмтылатынын байқаймыз. Иә, біз Кәмшаттың өмірге баланы әкеліп, Дастанның өз қателігін түсініп, басқалардың да тәубеге келіп, тып-тыныш, шат-шадыман тірлік кешіп жатқанын суреттеуге де болар еді. Олай болғанда фильм үнді киносының немесе сабын сериалдарының сценарийін қайталап кетер еді. Әр көрерменнің өзінің ойы, түйсігі, сезімі болады. Көрерменге бәрін шайнап берудің қажеті жоқ. Сондықтан біз соңғы шешімді көрерменнің еркіне қалдырдық», - дейді. Кинодағы басты рөлдерді Кәмшат Жолдыбаева мен Мұрат Тоқашбаев сомдаған. Фильм продюсері Бейбіт Бейсекеш. Және «Алашфильм» киностудиясының қаржыландыруымен түсірілген. Әрине, кемшілік іздеген жан кез келген дүниеден де кінәрат табары сөзсіз. Әсіресе, қазақы дүниетанымдағы ибалы, инабатты әйелдің жүріс-қимылдары кейбір сәттерде тым әсіреленіп кеткен тұстары да, Көркемай (Бегайдардың көңілдесі) осы қадамға баруын ақтап алатын көрініс - балалар үйіне өткізген бүлдіршінді шетелдік азаматтар асырап алатыны жайлы хабарды естуі де сенімсіздеу әсер етеді. Дей тұрсақ та, қазақ үшін түсірілген кинолардың, қазақы қоңыр тұрмысты боямасыз көрсеткен, бүгінгі қазақтың қалпын бейнелеген дүниелердің қалтарыста қалып қоятыны өзегіңді өртейді. Қазақы тіршілік пен қазақы болмыс­ты бейнелейтін кинолардың қазақ экрандарынан көптеп көрсетілгені өзімізді-өзіміздің дәріптегеніміз емес пе? Болашақта әлемдік кинотуындылардың топ жарған бәйгесіне қатыспақшы бұл қазақы фильмнің жолы болуын тілейміз!

Әлібек БАЙБОЛ

Соңғы жаңалықтар