Жылыту маусымында 15 адам табиғи газдан уланып көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылыту маусымы кезінде Қазақстанда ыстан уланудың 132 оқиғасы тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыту маусымында 15 адам табиғи газдан уланып көз жұмды

Вице-министрдің атап өткеніндей, жылыту маусымында пештегі ақаулардың салдарынан жапа шеккен адамдар саны күрт көбейеді.

«Бізде ыстан уланудың 132 оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 67-сі - балалар. Өкінішке орай, көз жұмғандар бар. 7 адам қаза тапты. Табиғи газдан уланғандардың саны - 54. Олардың ішінде 15 адам жантәсілім етті. Оның басты себебі - біздің кейбір өңірлерде халықпен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша шараларды жүргізетін газ және техникалық инспекцияның жоқтығы», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, халық күн суығанда, өз қауіпсіздігіне немқұрайлылық танытады, соның кесірінен үйге ыс тараған кезде түгелдей бір отбасы жапа шегеді.

«Мысалы, Жамбыл облысында тұрғындардың бірі өз қолымен газбен жылыту құрылғысын жасап, ыстың шығатын мұржасын салмаған. Нәтижесінде табиғи газдан уланып, қайтыс болды. Оны үйден шығаруға көмектескен отбасы да уланды, дегенмен олардың қатарынан адам шығыны болған жоқ», - дейді Ю. Ильин.