Жымпитыда Алаш тарихы музейі ашылды

Музей 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі орналасқан тарихи ғимаратта орналасқан. Музейде Алаш тарихына қатысты құнды жәдігерлер баршылық. Сәбит Мұқановтың, өзге де куәгерлердің сипаттауы бойынша қалпына келтірілген Алашорданың жасыл туы қақ төрге ілінген.
Сырым ауданында өткен мерекелік шараларға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған меймандар қатысып, Самара-Шымкент күре жолының бойында Сырым батырға орнатылған ескерткіш белгіге аялдап, гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Жымпиты ауылының орталық саябағындағы Алаш аллеясына ат басын тіреді. Ресей Федерациясынан, Қазақстанның әр өңірінен келген алаштанушы ғалымдар Әлихан Бөкейхан, Жаһанша Досмұхамедұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Беркінғали Атшыбаев, Иса Қашқынбаев, Уәлитхан Танашев секілді Алаш арыстарының бюсті орнатылған аллеяға тағзым етіп, гүл қойды.
Бұдан кейінгі салтанат Жымпиты ауылының күншығыс сыртында жалғасты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, ауыл шаруашылығы өнімдері саудаға салынған жәрмеңке, қазақша күрес пен бәйге, теңге ілу мен қыз қуу секілді ұлттық ойындар той көрігін қыздыра түсті.
-Алаш арыстарының бірегейі - Жаһанша Досмұхамедұлы. Сол арыстар аңсаған тәуелсіздік Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен 20 жылдан аса уақыт салтанат құрып келеді. «Өз мемлекетіміз болсын, қазақ халқының дамуына жағдай жасалсын» деп жандарын пида еткен алаш ардақтыларының ойлары қазіргі таңда орындалуда, - деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.
Жаһанша мен Халелдің өмірінен сахналық көрініс қойылып, одан кейін аудан және облыс өнерпаздары жиналған халыққа ән мен күйден шашу шашты. Бұдан кейінгі дүбірлі думан дала қызықтарына ұласты. 21 шақырымдық аламан бәйгеде тасқалалық Бауыржан Мәмбетовтің жүйрігі бас жүлдені иеленсе, тоқ бәйгеде «Жымпиты» ЖШС директоры Мүтәлі Төреғалидың «Көкбозы» оза шапты. Ал қазақша күресте жымпитылық Еділ Үсенов ешкімге дес берген жоқ.