«Жынды» жазушылар» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 мамыр, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

Елiмiздiң бас газетi « Егемен Қазақстан » басылымы өзiнiң жұма күнгi санында кешегi Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің Мемлекеттер бас­шы­лары деңгейіндегі оты­рысына қатысты және ондағы көтерiлген мәселелер мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың басты қағидаттары жайында мақала жариялады.

«Отырыс Қазақ­стан Республикасының Пре­­зиденті Нұрсұлтан На­зар­баевтың, Ресей Федера­циясының Президенті Вла­димир Путиннің, Бела­русь Республикасының Пре­зиденті Александр Лукашен­коның қатысуымен шағын құрамдағы кездесуден бас­талды. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бір­тұ­тас экономикалық кеңіс­тікті дамытудың негізгі ба­ғыт­тарын, сондай-ақ, еура­зиялық интеграциялық үде­рістерді кеңейту мәселелерін талқылады», - деп жазылған « Еуразиялық экономикалық одақ - уақыт талабына лайықты жауап » атты материалда.

« Айқын » басылымы « Жынды » жазушылар » атты тақырыппен жарияланған мақалада әлемге ұлы идеялар тарту еткен, бірақ есiнен алжасып, жазылмас жүйке сырқатына ұшыраған жазушылар, суретшілер, ғалымдардың біразын алдыға тартып көрген.

«Атақты суретші Ван Гог (1853-1890) есерсоқтықпен өзінің сол құлағын өткір ұстарамен кесіп тастап, сол қансыраған күйінде автопортретін салған, ол аздай 37 жасында өзін-өзі өлтірген. Артынан ұлы суретшіге тірі кезінде қойылған 150-ден астам дәрігерлік диагноздар табылған. Сыр­қатының сұмдығын осыдан біле бе­рі­ңіз.

Амадей Моцарт (1756-1791) өзін әлде­кімдер улап өлтіргелі жүргендей секем­де­ніп, үнемі үрей үстінде жүрген. Жарық­тық­тың ішкі түйсігі алдамапты.

Жұмыртқа екен деп қолсағатын қуы­рып жіберген Исаак Ньютонда (1643-1727) да жындылық жетіп артылады.

Ұлы композитор Роберт Шуман (1810-1856) өзін сөйлейтін үстел ізінен қалмай қуып жүргендей көріпті, ал түрлі жаңа әуендерді өзіне Бетховен моласынан жолдап жатқандай сезінген. Ақырында қорқыныштан өзін-өзі өлтірген», - делiнедi мақаланың бiр бөлiгiнде.

ХХI ғасырдағы текетірес енді әлем тілдері арасында өтпек, деп жазады « Айқын » басылымы « Тiл үшiн текетiрес » атты тағы бiр дүниесiнде.

«Тарихқа жүгінсек, әлемге тілінің ықпа­лын арттыру арқылы үстемдік жүргізу бұ­рын­нан бар және өзін-өзі әбден ақтаған тәсіл. Себебі идеологтар «Жаһандану өзара елдерді ынтымақ-бірлікпен мәдени-эконо­микалық коммуникация құрады. Соғыс пен бірін-бірі жою үшін кеткен өлшеусіз шы­ғындар әлемді сақтап қалудың тәсілі - жаңа энергетикалық көздерді табуға бағыттал­мақ. Әлемді коммуникацияға келтіретін, ынтымақтастыққа ынталандыратын, ба­ғыт­тайтын құрал - лингвистикалық канал, яғни тіл», - делiнген мақалада.

«Былтыр қазынадан бөлінген 130 миллиард теңге игерілмей қалған. Бұл үрдіс орынсыз дәстүрге айналғандай. Жыл сайын қазынадан қисапсыз қаржы бөлінеді, ал қорытындысы сұраусыз. Жауапкершілікті бір-біріне сілтейтін шенеуніктер екі ортада көптеген жастарды баспанасыз, жұртты ауызсусыз қалдырып келеді...» деп жазады « Түркiстан » газетi « Еш кеткен есепсiз қаржы » атты мақалада.

«Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов депутаттар алдында есеп берді. Комитет төрағасының айтуынша, 2013 жылы 13 мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы әлсіреген. Сәйкесінше бөлінген қаражат да қараусыз жұмсалып, тіпті толығымен игерілмеген. Атап айтсақ, «Қол жетімді баспана» пен «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламалары күн тәртібіндегі мәселелер. Қаншама қандасымыз баспана ала алмай, кезегін күтіп сарылуда. Ал пәтер жалдаған көпшіліктің кезекке тұруға мүмкіндігі де жоқ. Түйткілді мәселенің маңыздылығын біле тұра, қаражаттың қалай және қайда кеткенін қадағаламау бойкүйездік пе, әлде жауапсыздық пе?» - делiнедi материалда.

Алматының орталық мешiт имамдары мектеп түлектерiне ҰБТ алдында дұға тiлеудi ұсыныпты, деп хабарлайды ресми тiлде шығатын «Экспресс К» газетi.

«Шын ниет пен арнайы сүрелер барлық сауалдарға жауап беруге көмектеседi, деп сенедi молдалар. «ҰБТ қарсаңында жастар күнi-түнi тестiлеуге дайындалып, сынақтан сәттi өтетiндiгiне үмiт бiлдiрген тұста, жетiстiкке жеткiзер тағы бiр мәселеге ден қойған дұрыс: ол Аллаға жалбарынып, одан көмек сұрау», - деп жазады дiн қызметкерлерi мешiттiң ресми сайтында және «Әл-Фатиха» сүресiн үш қайтара оқуға кеңес бердi», - делiнген «Молился ли ты на ночь, первокурсник?» мақалаcында.

Соңғы жаңалықтар