«Жыр дода» республикалық жастар айтысының ақтық сынында бақ сынайтын 10 ақынның есімі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 желтоқсан күні Алматыда «Жыр дода» республикалық жастар айтысының ақтық сыны өтеді, деп хабарлайды дүбірлі жыр додасын ұйымдастырушылар.
None
None

Айтысқа жастардың арасында соңғы жылдары үздік деп танылған 10 ақын қатысады. Атап айтқанда, онда 2013 жылғы халықаралық, студенттер айтыстарының жеңімпазы Амангелді Сейтхан (Алматы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), республикалық «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіліп жүрген айтыстардың жеңімпазы, халықаралық, студенттер айтыстарының жүлдегері Қанат Мырзаханұлы (Алматы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті), «Жастар жырлайды» телевизиялық айтысының бас және республикалық жастар айтысының жүлдегері Алтынбек Ибрагимов (Сүлейман Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті) пен студенттер айтысының жүлдегері Айтбек Тұрсынбаев (Алматы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) көпшілік алдына шықпақ. Сондай-ақ 2014 жылғы ең үздік 22 ақынның қатарында «Алтын домбыра» айтысына қатысушы, республикалық айтыстарда жүлдегер атанған тараздық Әсет Дүйсебай, Тараз гуманитарлық университетінен облыстық, республикалық жастар айтысында жүлделер иеленіп жүрген Дархан Әбдіманат пен Тараз қаласының намысын қолдан бермей жүрген ақын Рай Донбаев да осы жыр сайысында өз бақтарын сынамақ. Студенттер айтыстарының, Астана күніне орай өткізілген айтыстың жүлдегері Бибігүл Тілеуболдина (Сүлейман Демирел атындағы университет) мен астаналық ақын Сырым Әлібеков (Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) және облыстық, республикалық дәстүрлі жыл сайын өтетін айтыстардың тұрақты қатысушы, жеңімпазы қызылордалық Серікхан Жүзей де жыр жарысынан тыс қалмай, жұртшылық алдында өз өнерлерін ортаға салмақ.

Айтыс 22 желтоқсан күні сағат 15:00-де Жазушылар одағының үйінде өтеді. Билеттер мәселесімен 8775-935-20-65 нөміріне хабарласуға болады, дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар