Зиданға сөз айтқан Франция футбол федерациясының президенті қызметінен шеттетілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция футбол федерациясының атқарушы комитеті (FFF) осы ұйымның басшысы Ноэль Ле Грені қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл туралы RMC Sport хабарлаған.

FFF басшысы қызметін уақытша атқару ұйымның вице-президенті Филипп Диаллоға жүктелді.

Франция футбол федерациясы тексеру жүргізіп, соның қорытындысы бойынша Ле Гренің болашағы жөнінде шешім қабылдайтын болады. Тексеру қаңтар айының соңына таман аяқталмақшы.

Дау Ле Гренің атақты футболшы Зинедин Зиданға қатысты айтқан сөзінен туындаған болатын. Ле Гре Зидан қоңырау шалса да, тұтқаны көтермейтінін мәлімдеген еді. Кейін ол Зиданнан кешірім сұрады.

Сонымен қатар футбол агенті Соня Суид Ле Грені сексуалдық әрекетке итермеледі деп айыптады.

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе бұл дауда Зинедин Зиданды қолдады.

Сондай-ақ Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам да өз пікірін білдірді.

«Ле Гренің өзі айтқандай, сөздері қисынсыз еді. Оның Зиданнан кешірім сұрағаны дұрыс болды деп ойлаймын», деді Д.Дешам.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Франция футбол федерациясы президентінің Зинедин Зиданға қатысты сөзінен дау шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар