Зика вирусы жұртты әлі қатты үрейлендіріп отыр

Дәрігерлер мәлімдемелерін Дүниежүзілік денсаулық ұйымының бас директоры Маргарет Ченнің атына жолдаған. Ғалымдар жаһандық жарысты биыл тоқтатып тастауға шақырып отырған жоқ. Бірақ доданы Риода қалдыруға болмайтынын айтады. Олар тек Бразилияда Ойындар өтіп жатса, бір мезгілде 500 мың шетелдік туристердің зика дертін жұқтырып, өз елдеріне алып кететінін айтып сақтандырады. Егер бұл кесел Африка мен Оңтүстік Азияның кедей елдеріне тарап жатса, ахуалдың күрт нашарлап кететінін атап өтеді. «Ойындар үшін тәуекелге бару адамгершілікке жатпайды», - деп жазады хат авторлары.
Сарапшылар Рио-де-Жанейроның аталмыш індеттің көбірек тарау ықтималдылығы жоғары екінші қаласы екеніне де назар аударады. Бұл қаладағы денсаулық сақтау жүйесі нашар. Ал зика басылудың орнына басынып барады, деп атап көрсетеді хат жазушылар. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бұл мәселені талдап шешетін тәуелсіз консультациялық топ құруды ұсынады.
Айта кетейік, зика ауруы Aedes текті масаның шағуынан тарайды. Оны жұқтырған адамның ыстығы көтеріліп, денесі қышиды, басы ауырып, буындары ісіп кетеді.