Зимбабве билігі кемінде 50 пілді атуға рұқсат берді

АСТАНА. KAZINFORM —  Пілдердің шектен тыс көбеюі себепті Зимбабве билігі олардың санын азайту үшін кемінде 50 пілді атуға шешім қабылдады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Африка пілдері
Фото: Азертадж

Зимбабвенің Ұлттық парктер мен жабайы табиғатты қорғау басқармасы таратқан мәлімдемеде, елдің оңтүстігіндегі Сэйв-Вэлли қорығында шамамен 2550 піл мекендейтіні айтылған. Алайда қорықтың экожүйесі 800 пілге ғана қолайлы жағдай жасай алады.

Соңғы бес жыл ішінде бұл қорық 200 пілді басқа қорықтарға көшіру арқылы популяцияны реттеуге тырысқан, деп жазады Reuters агенттігі.

Атылған пілдердің етін жергілікті тұрғындарға тағам ретінде тарату, ал піл сүйегін қорық әкімшілігіне тапсыру жоспарланған.

Зимбабве — әлемдегі пілдер популяциясы ең көп елдердің бірі. Алайда климаттың өзгеруі адамдар мен жабайы табиғат арасындағы қақтығысты күшейтіп жіберді. Пілдер тамақ пен су іздеп, адамдар тұратын аумақтарға кіріп кетіп жатыр.

Өткен жылы да Зимбабве билігі шамамен 200 пілді атуға рұқсат берген болатын. Ол кезде де құрғақшылықтан зардап шеккен қауымдарға піл еті таратылған. Көп ұзамай Намибия да осындай шешім қабылдаған еді.

Осыдан бұрын Зимбабве билігі құрғақшылықтан құтылу үшін 200 пілді өлтіруді жоспарлап отырғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар