Зиратты бүлдіргендер қандай жазаға тартылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстанда зираттарды бүлдіру деректері азайғанымен, осындай құқық бұзушылық жасағандар әлі де тіркеліп жатыр. Кейбір жағдайларда полицейлер кінәлілерді анықтай алмады. Бұл материалда Kazinform тілшісі өңірдегі зираттарға вандализм жасағандар жайлы және оларға қандай жауапкершілік көзделгені туралы мәлімет жинап көрді.
Қоршауды бүлдіріп, темірді ұрлаған
Былтыр Өскемен маңындағы бірқатар зиратта вандализм фактілері тіркелді. Соның бірі – қала маңындағы православ зиратында болған-тұғын. Жергілікті блогер Антон Князев зираттағы бүлінген қоршаулар мен ұрланған темірлерді видеоға түсіріп, полицияға хабар берген.
– Дәл жанынан өтіп бара жатып көріп қалдым. Вандалдар пайда болыпты. Жол жиегінде сайраған ізі жатыр. Шынжырды үзу мүмкін емес болатын, оны да жұлып әкетіпті, - деді ол.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталғанымен, кінәлілер анықталмады. Ол кезеңде мұндай қылмыс үшін 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеу арқылы үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген еді.

Ал Аблакетка маңындағы зиратты бүлдіру дерегі бойынша 23 және 30 жастағы екі азамат күдікті деп танылып, кейін екеуі де өз кінәсін мойындады.
Өңір тұрғындарын зираттарды қорлау фактілері алаңдатып отыр. Олар мұндай қадамға барғандар қатаң жазаға тартылуы тиістігін айтты.
– Қорқынышты жағдай бұл. Зират маңындағы темір-терсекке көзі түсіп, соны сату арқылы пайдаға кенелемін деген адам кез келген әрекетке баруы мүмкін. Ұсталғандардың бетін жасырмай, көпшілікке көрсетіп, таныстырса ғой, - дейді Самар ауданының тұрғыны Аяжан Ғазизова.
Зираттарды күтіп-ұстауға кім жауапты
Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қала аумағындағы 12 зират коммуналдық мекеменің балансында тұр. Мердігер ұйымдар тазалықты сақтау, қоқыс шығару, қар тазалау, қоршауларды жөндеу және аумақты тәулік бойы күзету жұмыстарын атқарады.
Қала аумағындағы зираттар:
1. Шмелог лог кенті ауданындағы зират;
2. Аблакетка кентіне қарасты Геологиялық көшесіндегі аудандық зират;
3. Аблакетка кентіндегі Станиславский көшесі ауданындағы зират;
4. Жаңа Согра кенті ауданындағы зират;
5. Герасимовка кенті ауданындағы зират;
6. Защита-2 бекеті ауданындағы зират;
7. Жаңа Ахмер ауылы ауданындағы зират;
8. Ескі Ахмер ауылы ауданындағы зират;
9. Самсоновка ауылы ауданындағы зират;
10. Меновное кенті ауданындағы православ зираты;
11. Меновное кенті ауданындағы мұсылман зираты;
12. Жыланды кенті ауданындағы зират.
Депутаттар жүргізген тексеріс барысында кейбір зираттарда қоқыс шығару мен ескі ағаштарды кесу қажеттігі анықталған. Бұл ақпарат тиісті бөлімдерге жолданды.

Вандалдарға жаза қатаң
ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов вандализм әрекетінің салдарына тоқталды.
– Вандализм – мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи нысандарды жазулармен, суреттермен немесе имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлау. Бұл үшін 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады. Кейінгі жылдары өңірде зираттарды қорлау фактілері азайды. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді, - деді ол.
P/s: Өңірде зираттарды қорғау мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Мамандардың пікірінше, айыппұл мен қоғамдық жұмыстар – мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алудың бір тетігі. Сонымен қатар зираттардың жай-күйі жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындардың тұрақты бақылауында болуы тиіс.
Бұған дейін белгісіз біреулер Атырау маңындағы зиратты зақымдағанын жазғанбыз.