Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем жасалады
Бүгін Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов депутаттарға зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізуді ескеретін заңнамаға түзетулерді таныстырды, деп хабарлайды Kazinform.

А. Сарбасовтың сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырманы орындау мақсатында тиісті ұсыныстар енгізілді. Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруды көздейтін заңнамаға түзетулер әзірлеп, оны мүдделі мемлекеттік органдармен келісіп, Мәжілістің қарауына жіберді.
«Заңнамалық түзетулердің негізгі мақсаты - зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізу, жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, осы шараларды іске асыру үшін Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға түзетулер енгізу қарастырылған.
А. Сарбасов 2014 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыс берушілер есебінен жалақының 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетінін хабарлады. Сондай-ақ оларға зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетке ерте шығу құқығы беріледі: ерлер үшін – 5,3 млн теңге, әйелдер үшін - 6,8 млн теңге.
Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік төлем бар. Екіншіден, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен де іске асырылады. Үшіншіден, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде ескеріледі. Төртіншіден, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде жүзеге асырылады.
Ақмәди Сарбасов арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететінін және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды 55-жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу бойынша Үкіметке тапсырма берген еді.