Зияны тиюі мүмкін: вице-министр Алтай Айнабектің жаңбыр технологиясы туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің Аралды жаңбыр суымен толтыру жобасы туралы пікір білдірді. 

Азат Сұлтанов
Фото:Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Әлеуметтік желіде Алтай Айнабек дейтін азаматтың бұлт шақыру арқылы жаңбыр жауғызып жатқаны туралы мәліметтер қызу талқыланып жатыр. Ертең осындай технология арқылы шабындығын жасылдандырып, егіс шығымын көбейту жобасына субсидия сұрайтындар шықса, қолдауға дайынсыздар ма?» - деп сұрады БАҚ өкілі. 

Вице-министр мұндай жобамен шетелдіктер де жүгінгенін еске салды.

«Біз заңды бірнеше рет зерттедік. Бізге осындай сұрақпен шетелден де мамандар келген. Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінде 2-3 жыл бұрын сумен проблема болғанын білетін шығарсыз. Сол кезде бұлт шақырып, жаңбыр жауғызайық деген ұсыныс берілді. Бірақ бұл мәселенің бірнеше қыры бар. Бір жағынан экологияның мәселелері де бар. Бұл - табиғат қой. Бір жерде жаңбыр жауғанымен, келесі бір жерге зияны тиюі мүмкін. Мына жерде жаңбыр жауғанымен, басқа жерден ылғалы ауып кетуі мүмкін. Оның бәрін зерттеу қажет», - деді ол. 

Вице-министр бұл тәсіл әлі жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп отыр.

«Экология министрлігімен бірге жұмыс істедік. Бірақ қазіргі таңда ешқандай ғылыми қорытынды да, нақты тәжірибе де жоқ. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын. Ондай жобаға субсидия беру деген бізде ешқандай заңға жатпайды», - деді Азат Сұлтанов. 

Соңғы жаңалықтар