Зорлық көрді деген оқушыға қатысты тиісті сараптама тағайындалды -БҒМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 1-сынып оқушысына қатысты жағдайды тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҒМ сілтеме жасап.

Зорлық көрді деген оқушыға қатысты тиісті сараптама тағайындалды -БҒМ

Кеше ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер «Мариям» жекеменшік ұйымында оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайларды зерттеу үшін Алматыға барды.

Олар оқушының отбасына барды. Балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ комитет қызметкерлері Алматы қаласының құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.

Еске сала кетейік, қазір қалалық полиция департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр және зорлық-зомбылық әрекеттерінің жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды.

Сонымен қатар олар Алматы қаласындағы «Мариям» жекеменшік ұйымының әкімшілігімен және ұстаздарымен әңгімелесті.

Құрылған комиссияның тексеру нәтижесі бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде (бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптарды сақтамау), қажетті санитарлық-гигиеналық талаптарды құруда (сыныпта жарықтың нашарлығы, желдету жүйесінің болмауы және т.б.) бірқатар бұзушылық анықталды.

Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша шаралар қабылданады.