12:54, 05 Қазан 2013 | GMT +5
Зымыран модельдерінен халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы 10 алтын медаль жеңіп алды
ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қазан. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында жасөспірімдер арасында зымырандар моделі жөнінде XIV «Байқоңыр Кубогы-2013», «Чаломей Кубогы» және VIII «Қорқыт Ата Кубогы» халықаралық жарыстары болып өтті. Бұл туралы «Кызылординские вести» газеті жазды.

Жарысқа Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь және Өзбекстан елдерінен 130 спортшы қатысты. Мұнда зымыран модельдерінің өзіндік үлгісін жасап шығарушылар спорттың 6 түрі бойынша жарысқа түсті. Сонымен бірге, әр спортшы осылардың 2 не 3 түрі бойынша сынға түсуге мүмкіндік алды. Бұл олардың жарыстан бай тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік берді. Зымырандарды зеңгір жүзінде самғату қаладан бірнеше шақырым алыстағы ашық даладағы арнайы жабдықталған полигонда жүзеге асты. Бұл жерде 2006 жылы зымыран моделі спортынан XVI әлем чемпионаты, ал 2007 жылы Азияның бірінші чемпионаты өткізілген болатын. Құрамын негізінен Байқоңыр, Алматы және Ақтөбе қалаларының мектеп оқушылары құраған Қазақстан құрамасы жарыста барлық квалификация бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Олар қорытындыда 5 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Тағы 5 алтын медальды олар командалық біріншілікте қоржынға салды. Нәтижесінде «Байқоңыр Кубогы-2013» бас жүлдесіне ие болды.