Зырянда 27 үй су астында қалды - Юрий Ильин

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары  Юрий Ильин Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданындағы су тасқыны жағдайы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зырянда 27 үй су астында қалды - Юрий Ильин

«Қазіргі уақытта Зырян ауданындағы Төтенше жағдай салдары әлі жойылған жоқ. Зырян қаласынан су шығару жұмыстары жалғасуда, 27 үй-жай су астында қалды. Біздің бөлімшелер де, әкімдік те жұмыс істеп жатыр. Қазір әкімдік Үкіметке ақшалай қаражат бөлу туралы өтінішхат жолдайды. Шығынды есептеу жұмыстары жүргізілген соң, әкімдіктің ресми хаты көрсетіледі", - деп жауап берді Ю. Ильин журналистер сұрағына Үкімет отырысы барысында.

Сондай-ақ, министрдің орынбасары Шүлбі су қоймасына ағып жатқан су көлемінің де азайғанын атап өтті. Бастапқыда секундына 1800 текше метр су құйылатын болса, бүгінде су қоймасына 1400 текше метр су келуде.

 Ақмола облысы бойынша министр су тасқынынан келетін еш қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

«Ақмола облысында дауылды ескертулер жарияланған болатын, қазір жергілікті маңызы бар жолдардың жабынына жеткен су ағындарын қадағалап отырмыз. Бұл сулар елді мекендерге жеткен жоқ. Бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әзірге, Жабай өзені аумағында 60-70 сантиметрлік қар қоры бар. Одан төнетін еш қауіп жоқ", - деді Юрий Ильин.