Әлем елдерінде ұялы байланыс пен интернет қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM –  2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі байланыс қызметінің көлемі 3,3%-ға ұлғайып, $1,18 трлн-ға жетті. Қазақстанда жыл басынан бері 8% артып, 233 млрд теңгені құрады. Kazinform меншікті тілшісі байланыс қызметін тұтынушылардың өсу түрлі елдерде тариф саясатына қалай әсер етіп жатқанын саралап көрді.

Сколько стоит мобильная связь и интернет в разных странах мира
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

АҚШ-тың тариф саясаты бәсекелестікке байланысты

АҚШ-тағы телекоммуникация нарығы — әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі. Ондағы тариф саясаты нарықтағы бәсекелестікке тәуелді, сондай-ақ Федералдық байланыс комиссиясы мен Федералдық сауда комиссиясы секілді реттеуші органдарға байланысты. Елдегі соңғы өзгерістерге мобильдік технологиялардың дамуы, 5G енгізу, нарықтағы ірі ойыншылардың бірігуі әсер еткен.

Mordor Intelligence мәліметінше, 2024 жылы АҚШ телекоммуникация нарығының көлемі $443,12 млрд құрайды деп бағаланып отыр. 2029 жылы ол $530,61 млрд жетеді деген болжам бар.

AT&T, Verizon, US Cellular және T-Mobile сынды ірі америкалық операторлар тұтынушыларға түрлі тарифтер ұсынады. Мобильді байланыс туралы айтсақ, АҚШ-та белгілі бір минут, СМС берілетін, алдын ала төлем жасау және ақшасын кейін төлеуге болатын тарифтер сұранысқа ие. Халық лимитсіз тарифтерді де көп таңдайды, бұл операторлар арасында бәсекелестікке мүмкіндік тудырып отыр.

Интернет қызметіне келер болсақ, елдің кей аймақтарында жоғары жылдамдықты желіге қол жеткізуге болады.

Мобильдік байланыс операторлары төмен бағаларды ұстап тұру үшін «wholesale» немесе виртуалды мобильдік оператор қызметін пайдаланады. Тарифтерді реттеу саясаты бәсекелестікті қорғау және монополияны жоюды көздейді.

Мобильді байланыс тарифтерінің бағасы операторға, тариф жоспарына және тұрғылықты аймаққа байланысты түрленуі ықтимал. Yesim.tech ресурсының дерегіне сенсек, орта есеппен қарапайым тариф айына $30-$70 жетеді.

Сколько стоит мобильная связь и интернет в разных странах мира
Фото: dzen.ru

5G-ге өту және елді одан әрі цифрландыруға байланысты АҚШ-та мобильді байланыс пен Интернетке жаңа тарифтер енгізіліп, бағалар өзгеруі мүмкін.

ЕО монополияға қарсы

Еуропалық Одақ елдерінде телекоммуникация қызметтері мен тарифтері Еурокомиссия деңгейінде реттеледі, осылайша ұйымға мүше мемлекеттер үшін ортақ стандарт пен бәсекелестік орта қалыптасады.

ЕО көптеген елдерінде операторлар жоғары жылдамдықты интернеті (4G/5G) бар лимитсіз тарифтер ұсынады, бұл қызметке нақты абоненттік төлем енгізілген. 2017 жылы ЕО елдерінде роуминг үшін қосымша төлемдер алып тасталды («Roam like at home» ережесі - ред.). Бұл ережеге сәйкес, мобильді байланыс тұтынушылары өз елінде қандай тариф қолданса, бүкіл ЕуроОдақ аумағында да роуминг үшін қосымша ақша төлемей, сол тарифті пайдалана алады.

Кең жолақты интернет бағасы өңірге байланысты. Германия не Франция сынды халық тығыз орналасқан елдерде арзанырақ, ауылдық аймақтарда қымбаттау тұрады.

ЕО
Фото: freepik

Монополияға жол бермеу Еуропадағы саясаттың маңызды бөлігіне айналды. ЕО тұтынушыларға таңдау азайып, баға өсуін болдырмау үшін ірі операторлардың бірігуін қатаң бақылайды. Мәселен, 2016 жылы Еуропа нарығындағы Telecom Italia мен Vivendi компанияларының қосылуы жөніндегі келісімге байланысты тергеу жүргізілді.

Қытайда операторларға қатаң мемлекеттік бақылау енгізілген

Қытайдағы тариф саясатында экономика масштабы мен мемлекеттік бақылау басым. Операторларды қатаң мемлекеттік бақылау елді цифрлық трансформациялау, арзан интернет қызметтерді ұстап тұру секілді ұзақмерзімді мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған саясатты жүргізуге мүмкіндік береді.

Қытай технология мен инновация саласында әлемдік көшбасшыға айналуды көздеп отыр. Елде мобильді және халықаралық байланыс салалары қарқынды дамып келеді. Қазір Аспанасты елінде мәліметтер пакеті мен қоңырауларға арналған минуттар қосылған тарифтер сұранысқа ие. Сонымен қатар 5G инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр, мобильді Интернет пайдалануды ынталандыру үшін тұтынушыларға субсидиялар енгізілуде.

Қытайда 1 Гб үшін мобильді интернет бағасы $0,20-$0,30 шамасында. Лимитсіз тарифтер айына $12-$20 жетеді.

Осылайша Қытайда ұялы байланыс қызметі арзан, бұл операторлар арасында бәсекелестікті тудырады.

Үндістан - ең арзан мобильді байланыс нарығы

Бұған операторлар арасындағы бәсекелестік пен мобильдік Интернетті көп пайдалану оң әсер етті.

Абоненттер сан алуан тарифтің біреуін таңдап ала алады, соның ішінде ең арзан бағалар да бар. Reliance Jio сынды операторлар интернеті бар лимитсіз байланыс үшін айына бірнеше доллар ғана алады.

Интернет арзан, бірақ жылдамдығы өңірлерге байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Үндістандағы мобильді байланыс тарифтері әлемде ең арзан саналады. Мобильдік деректердің орташа бағасы 1 ГБ трафик үшін $1-ға да жетпейді. Айына 10 - 30 ГБ аралығындағы тарифтер $3 - $5 аралығында тұрады.

Үндістан
Фото: pixabay

Үндістанда операторлар абоненттерге арзан бағамен 50-100 ГБ дейінгі өте көп көлемде интернет, одан бөлек еш шектеусіз қоңыраулар мен СМС береді.

Әзербайжандағы тарифтерді реттеу

Әзербайжанда телекоммуникация нарығын Azercell, Bakcell, Nar Mobile секілді бірнеше ірі оператор бақылауда ұстайды. Олар базалық қажеттіліктермен шектелетін үнемді пакеттерден бастап, лимитсіз, жоғары жылдамдықты интернет ұсынатын премиум сегментке дейін түрлі тарифтер ұсынып отыр.

Ірі қалаларда талшықты-оптикалық технологиялар мен жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болса, кейбір ауылдық аймақтарда байланыс сапасы нашар болуы ықтимал. Әзербайжанда телекоммуникация секторында бәсекелестікті ынталандырып, қолжетімді бағаларды ұстап тұру үшін тарифтер реттеліп отырады.

Статистикаға сүйенсек, Әзербайжанда кең жолақты интернеттің орташа бағасы айына $16,59 шамасында. Бұл қымбат болып саналады, салыстыратын болсақ, мысалы көршілес Түркия мен Молдовада бұл қызмет, тиісінше $8,77 және $9,14 тұрады.

Қазақстанда ұялы интернет бағасы өсті 

Қазақстандағы телекоммуникация саласында негізгі операторлар – Kcell, Beeline және Tele2 өзара бәсекеге түсіп отыр. Операторлар түрлі тарифтер ұсынады, оның ішінде мобильді интернет пен қоңырау шалуға лимитсіз пакеттер де бар. MoneySuperMarket жұргізген Internet Accessibility Index зерттеуіне сәйкес, Қазақстан 1 ГБ деректер арзан тұратын елдер қатарына кірді, біздің елде орта есеппен $0,59 тұрады. Мәселен, Тәжікстанда 1 ГБ интернеттің орташа бағасы $1,65, Өзбекстанда - $0,6,ал Қырғызстанда $0,17 тұрады.

ұялы байланыс
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

Алайда жыл басынан бері кей ұялы тарифтер қымбаттады. Орта есеппен баға 25%-ға көтерілді, ал 2025 жылғы сәуірден бастап тарифтер тағы да өседі деп жарияланды. Негізінен олар 500-ден 1500 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұны түсіндіруге тырысқан операторлар желілерді жаңғыртуға, күтіп ұстауға, жөндеуге жұмсалатын шығындардың өскенін, құрылғылар қымбаттап кеткенін айтып ақталды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы қаңтар мен ақпан айларында елімізде байланыс саласында 233,1 млрд теңге көлемінде қызмет көрсетілген, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8% артық.

Кейінгі жылдары Қазақстанда бағаны ауыздықтау және байланыс сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл кезекте тарифтерді реттеу және мобильді желілердің қамту аймағын арттыруды атап өтуге болады.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тарифтерді салыстыру

АҚШ немесе ЕО секілді ірі елдерде ұялы байланыс пен интернет қызметтері үшін тариф қымбат, бұл елдерде бәсекелестік жоғары, инфрақұрылым да жақсы дамыған.

Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде, Әзербайжанда тарифтер салыстырмалы түрде арзанырақ, бірақ интернеттің сапасы мен әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімдігі проблема болып отыр.

Осы шамалас жылдамдықпен интернет тарататын елдер арасында ең жоғары бағалар Біріккен Араб Әмірліктерінде ($98,84) және Қатарда ($92,04) тіркелген. Ал Балтық жағалауы (Латвия, Литва, Эстония) елдерінде интернеттің орташа бағасы айына $21,58 шамасында, Латвия Прибалтикадағы ең арзан ел ($16,59).

Әлемдегі телекоммуникация нарығының перспективасы

Analysys Mason бағалауынша, жаһандық телекоммуникация нарығы одан әрі де өсе бермек. Басылымның мәліметіне сенсек, телекоммуникация қызметтерінен түскен табыс 2024 жылы 2% көбейген.

Табыстың көбеюіне интернет трафиктің өсуі әсер еткен. Analysys Mason болжамына сәйкес, талшықты-оптикалық желіерді салу, кең жолақты интернетке көшу, әсіресе Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа тұтынушыларының қалтасына қосымша салмақ болмақ. Солтүстік Америкадағы ұялы байланыс нарығының өсімі Еуропадан жоғары болады деп күтілуде.

Сан мен статистика

IDC консалтинг компаниясының мәліметінше, 2024 жылы бүкіл әлемдегі телекоммуникация саласы $1,53 трлн табыс тапқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 3% көп. 2024 жылы телекоммуникация компанияларының акциялары дүние жүзінде шамамен 11% өскен.

Жаһандық телекоммуникация компанияларының қаржылық жағдайы тұрақты: кірістер көбейіп, шығындар азайып келеді. Бір тұтынушыдан түсетін табыс 2% артып, шамамен $28-ға дейін жеткен.

Делойт зерттеуіне сәйкес, 2025 жылдың аяғына қарай 5 млрд адам мобильді интернетке қол жеткізеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,6 млрд болған еді. Дегенмен әлі де жер шарында 350 млн адам ғаламторсыз отыр. Бұдан бөлек, 3,1 млрд адам ұялы байланыс аймағында өмір сүріп жатса да, түрлі себептермен оны тұрақты түрде пайдалана алмайды.

Бұған дейін Қазақстанда не себепті мобильді байланыс қымбаттап жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар