Еуразиялық одақ ел экономикасына қалай әсер етті
АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан 10 жыл бұрын, 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастаған еді. Әуелде Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттері қол қойып, кейін Армения мен Қырғыз Республикасы қосылды. Бұл ұйым осы елдер арасында сауданы еркін жүргізу мақсатын көздеген. Сонымен, одақ расымен де көп нәрсеге жол ашып, сауданы жандандырды ма, экономикаға оң немесе теріс әсер етті ме, жұмысын қалай бағалаймыз? Kazinform аналитикалық шолушысы 10 жылдық кезеңдегі қарқынды шамалауға тырысты.

Сауда көлемі, инвестиция және инфрақұрылым жайы
Қазақстанның экономикалық саясаты қай кезде де ашық әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылып келгенін білеміз. Мәселен, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымынан бастап, Еуразиялық экономикалық одаққа, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, жақында ғана бейресми саммиті өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше.
Соның ішінен біз бүгін Еуразиялық экономикалық одақты сөз етеміз. Ұйым құрылып жатқандағы басты мақсаттың бірі – инвестиция тартуға, сыртқы сауданың көлемін ұлғайтуға, бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға, қолданыстағы және жаңа көлік-логистикасын дамытуға мүмкіндік беру.
Алдымен сандарға көз жүгіртсек. Одақтың ресми сайтында көрсетілген деректерге сенсек, мүше елдердің энергетика саласының өзі қуатты саналады. Мысалы, мұнай өндірісі – 611,7 млн тонна, газ өндіру – 818 млрд текше метр, электр энергиясын өндіру – 1335,3 млрд кВт/сағат.

Бұның бәрін жалпылай қарастырудың өз себебі бар. Еуразиялық экономикалық одақ бір сөзбен айтқанда шекаларда орналасқан кедендік бекеттерді жойып, алыс-берістің еркін жүруіне ықпал етті. Бұл тұрғыда одаққа мүше елдердің халқы 186 млн-ға жуықтайды. Ал жалпы ішкі өнімі 2 трлн доллардан асады. Теміржол ұзындығы – 145,2 мың шақырым, автомобиль жолдары 1,95 млн шақырымнан көп.

Енді Қазақстанның жайына келсек, еліміз ұйымдағы серіктестерімен 2015 жылы 16,3 млрд долларға сауда жасасты. Бұл көрсеткіш 10 жылға жуық аралықта 87,1 пайызға өсіп, былтыр 30,5 млрд долларға жетті. Оның шамамен 30 пайызы экспорт еншісінде. Қазақстан 2015 жылы одақтағы серіктестеріне 5,1 млрд доллардың тауарын тасымалдаса, 2024 жылы 11 млрд долларға зат жеткізген. Өсім екі еседен асқан.
Саудадан бөлек, ЕАЭО елдері Қазақстанға инвестиция да құйып жатқанын айта кетейік. 10 жыл аралықтағы өсім 6 еседен көп – 2015 жылы елімізге 600 млн доллар инвестиция келсе, былтыр көрсеткіш 4 млрд долларға барды.

Негізі Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше 5 елдің арасындағы байланысты ғана дамытумен шектелмейді. Ұйым аясында Вьетнаммен, Сербиямен және Иранмен жасалған еркін сауда туралы келісімдер Қазақстанға біршама пайда берген екен.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарасақ, Вьетнаммен келісім күшіне енген 8 жылда тауар айналымы 55 пайызға өсіп, 859,4 млн долларға жетті. Ал Иранмен уақытша келісімнің 5 жылында айналым 40 пайызға өсіп, 340,1 млн доллар болған. Сербиямен жасасқан сауда көлемі 3 жыл ішінде 100 млн долларды құрады, өсім 35 пайыздай.
Таяуда Қазақстанның Сингапурмен де еркін сауда жасау туралы келісімге қол қойғаны мәлім болды. БАӘ, Моңғолия және Индонезиямен де осындай келісімдер бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Әр елге жеткізілетін отандық тауарлардың әлеуеті 1,5 млрд доллардан асады деп бағаланады.
Кеденде қандай өзгерістер болды?
Қазір ЕАЭО елдері арасында кедендік декларациялау алынып тасталған, яғни бір елдің тауары келесі елге кедергісіз өтіп, уақыт та, қаржы да шығындалмайды. Мүше мемлекеттер арасында өзара сауда барысында кедендік баж салығы алынбайды. Осының арқасында бизнестің шығындары азайды, кәсіпкерлер халыққа тауар қол жетімді болуы үшін бағаны төмендетіп те бәсекелесе алады.
Қазір Қазақстан мен Ресей, Қырғыз Республикасының арасындағы шекарада санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау жоқ. Есесіне ЕАЭО мүше мемлекеттерге берілетін қауіпсіздік сертификаты бар. Оған ие тауар жеткізушілер еш қиындықсыз шекара асып сауда жасайды.
Кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптар, сәйкестікті бағалаудың қосымша рәсімдерінен де босатылды. ЕАЭО-ға мүше бір елден сәйкестік сертификатын алған өндіруші қалған төрт елде емін-еркін жүреді. Бұған дейін 52 техникалық регламент қабылданса, оның 48-і күшіне еніпті.

Мемлекеттік сатып алу саласында ұлттық режим енгізілген, яғни, ЕАЭО-ға мүше қай елден келгеніне қарамастан, барлық тауар үшін тең жағдай жасалған. Қазақстанның ЕАЭО мүше елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысуы арқылы отандық бизнес көлемі шамамен 135 млрд долларға тең нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік алған.
Қазақстанда қызмет көрсетуге рұқсат алған кәсіпкерлер одақтың басқа елдерінде де қызмет көрсете алады. 135 түрлі қызмет ортақ форматқа көшкен. Бұл артықшылықтарды тізбектеуіміздің өз себебі бар. Қазақстан сауда саласында тікелей теңізге шыға алмайды. Ал одақ аясында отандық тасымалдаушылар теңіз порттарына дейін тауарын жеткізеді.
Ұйым банк секторы, қаржы, бағалы қағаздар нарығында да көптеген жеңілдіктер беріп отыр. Ортақ қаржы нарығын құрудың арқасында банк, сақтандыру және бағалы қағаздар секторларындағы лицензиялар өзара мойындала береді.
Қазір Еуразиялық экономикалық комиссия бар. Сауда кезінде, тауар жеткізуде, қызмет пен капиталға қатысты проблемалар туындаса, оның шешімін табу үшін сол комиссия іске кіріседі. Еліміздің Сауда министрлігі ЕАЭО жұмысын бастаған уақыттан бері 70 кедергі туындағанын, 69-ы шешімін тапқанын жеткізді.
Интеграциялық көрініс, Қазақстан пайдасы һәм мәселелер
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақты интеграцияның ең жарқын көрінісі деп айтуға болады. Әлемнің кез келген аймақтарында осындай ұйымдар бар, мәселен, Солтүстік Америкадағы АҚШ, Канада, Мексиканың бірлескен ұйымы, Еуропалық Одақ, Тынық мұхиты жағасындағы елдердің АСЕАН ұйымы жұмыс істейді.

– Еуразиялық одақтың Қазақстан үшін пайдасы өте көп болды. Оңтүстіктегі іргелес көршілерімізге қарағанда еліміздің жағдайының біршама жақсырақ болғаны – одақтың арқасы. Ұйым түрлі кезеңнен өтті, әуелде қоғамдастық, кейін кедендік одақ, бірыңғай экономикалық кеңістік аталып, қазіргі деңгейге жетіп отыр.
Ресеймен арамызда мүлде кеден кедергісі жоқ, сауда-саттық жасау оңай. Ресей азаматтары бізге келіп, қазақстандықтар сол елге барып, еркін жұмыс істей алады. Оның үстіне солтүстіктегі көршінің көп қондырғылары бізге арзанға келеді. Егер ол тауарлар одақтан тыс елдерге жеткізілсе, қымбатқа түсер еді, – дейді сарапшы.
Дегенмен Сапарбай Жобаев кей мәселелердің де барын ашық айтты. Кедендік бақылаудан түскен қаржыны бөлу келіссөзін қайта қарау керек. Қазіргі үлес есебі Ресейге – 85 пайыздан аса болса, Қазақстанға – 7 пайызға жуық. Негізі әуелде бұл – Ресейдің экономикалық әлеуеті бойынша құрылған.
– Ал қазір Ресейдің экономикалық әлеуеті жоғары саналғанымен, көп мемлекеттермен саудасы азайып кетті. Көп импорты Қазақстан, Қырғызстан, Армения арқылы жүзеге асуда. Қытайдың көп тауарлары біз арқылы Ресейге барады, салдарынан Қазақстанның сауда-саттығына қатысты статистика өзгеріп кетіп жатыр. Сондықтан кедендік бақылаудағы Қазақстан алатын үлесті 8 пайызға көтерген жөн.
Бұны былай түсіндірсек болады, біз арқылы Ресейдің кез келген бір қаласына жеткізілген қондырғы болса, соның құнының 7 пайызға жуығы Қазақстан бюджетіне түсіп жатыр. Мәселен, өткен жылы 2,5 трлн теңгеге жақын табыс кеден түсімдерінен келді. Әрине, тиімді, экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасайды, – деді экономист.
Осы сарапшы бір дүниені еске салды: бұған дейін Қырғызстанмен де екі ортада біраз келеңсіздіктер болды. 1998 жылы қырғыздар Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды, Қытаймен арадағы саудасының мөлшері өте үлкен еді. Ресей мен Қазақстан сол елдің билігіне шекарасын тәртіпке салуды ұсынған болатын. Бірақ Қырғызстанның алдыңғы басшылары кедендік тізімге салу мәселесін созып келді. Қазіргі билігі оны жөндеп жатыр. Бұны неге айттық? Қазір осыған ұқсас бір проблема бар.
– Одақ шеңберіндегі көп жүк Қорғас пен Достық хабтарынан өтеді. Көрші ел кәсіпкерлері кейде осы бекеттердегі жемқорлықты айтып, шағымданып жатады. Ол жерді Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық одақтың өткізу пункті ретінде қарап, тәртіпке салуымыз керек.
Өйткені көрші елдің кәсіпкерлері осы келеңсіздіктен қашып, Қашхар, Қырғызстан, Өзбекстан теміржолын ашуға талпынып жатыр. Шығыны аз емес, таулы аймақ, 5 млрд доллардан аса қаржы кетеді. Дайын тұрған Қорғас секілді бекеттерден өткізейін десе, жемқорлық зардабын көрген, – дейді Сапарбай Жобаев.
Әрине, одаққа қатысты сын да аз емес. Беларусь пен Ресей экономикасы санкцияға ілігіп, тұралап қалған сияқты көрінеді. Алайда Ресейдің жалпы ішкі өнімі өсіп тұр, өйткені әскери салаға қаржының мол бөлінуінің әсері бар. Бірақ қарапайым халыққа қажетті өнімдер біршама азайып кеткен. Сондықтан бұл санкциялар жанама түрде Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.
Экономист осы дүниені тиімді жағдайға айналдыруға болатынын, әйтсе де бақылаудың барын жеткізді. Негізі Қазақстан орталықта орналасқан ел, делдалдық арқылы пайда көруге мүмкіндік бар. Кезінде Армения өздеріне жасалған жеңілдікті пайдаланып, басқа елдерден арзанға автокөлік тасымалдап, Қазақстан мен Ресейге жаппай сатты. Қазақстанға да қазір осы әдіске көшуге болар еді. Дегенмен еліміздің делдалдық арқылы әр сатқан тауарына бақылау бар. Кейде көрші елге жәрдем берді деген желеумен қырын қарайды.
– Мәселен, Қырғызстан өте көп мөлшерде Ресейге телефон сатып жатыр. Әрине, өздері өндірмейтіні анық. Ал Қазақстанда ресейліктермен әріптес кәсіпорындар қиналып отыр, сауданың шектеуі бар. Сондықтан еліміз балама жолдарды іздеуге көшті. Бұрын негізгі экспорттық жолдарымыз Ресей арқылы өтетін, Қара теңіз бойындағы Новороссийск терминалы, теміржолдар – соның көбі жабылып қалды.
Біз енді Кавказ, Әзербайжан арқылы басқа жолдарын іздеп жатырмыз. Осындай жағдайлар Еуразиялық одақтың келешекте сәл қиналатынын көрсетеді. Дегенмен бұл ұйымға мүше болғысы келетін елдер қатары көп. Артық тексеріссіз, жеңіл сауда жасауға Иран, Вьетнам, Пәкістан, Араб елдері қызығушылық білдіріп отыр, – деп қорытындылады сарапшы Сапарбай Жобаев.