Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу келіссөздерін биыл аяқтауға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға бағыттылған жоспарлармен танысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу келіссөздерін биыл аяқтауға ниетті
Фото: Daryo.uz

Осы кезге дейін өзбек тарапы ДСҰ-ға қосылу бойынша 33 елмен келіссөз жүргізіп, сәйкесінше 24 мемлекетпен тиісті келісім жасады.

Бүгінде ұлттық заңнаманы ұйым стандартына сәйкестендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 13 заң, президенттің 10 жарлығы мен қаулысы, Министрлер Кабинетінің 19 қаулысы және 10 ведомствоаралық нормативтік-құқықтық акті қабылданды.

Кеңес барысында Шавкат Мирзиёев ДСҰ-ға қосылу процесін жеделдету бойынша тапсырма берді.

- Президент жыл соңына дейін қалған 9 елмен екіжақты келіссөздерді аяқтап, жұмыс тобының тағы екі отырысын өткізу міндетін жүктеді. Кейін жұмыстардың қорытынды есебі әзірленеді, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Ұлыбритания Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы үшін техникалық көмек көрсететінін жазып едік.

Бұған дейін ДСҰ-ға қосылу бойынша Өзбекстан АҚШ және Қытаймен арада өткен келіссөздерді қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар