АҚШ 1 тамыздан бастап ЕО мен Мексика тауарларына 30% кедендік баж салығын енгізеді

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Еуропалық Одақ пен Мексикадан әкелінетін тауарларға 30 пайыз көлемінде кедендік баж салығы салынады, деп жазды ТАСС агенттігі.

Трамп
Фото: en.wikipedia.org

АҚШ президенті Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға жолдаған ресми хаттарын көпшілікке жария етті.

– 2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ-қа Еуропалық одақтан импортталатын тауарларға 30 пайыздық баж салығы енгізіледі, бұл салааралық баждардан бөлек қолданылады, – делінген Ақ үй басшысы Урсула фон дер Ляйенге жолдаған хатында. Бұл хат Трамптың Truth Social парақшасында жарияланды.

Сондай-ақ, Трамп дәл осындай мазмұндағы хатты Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға да жолдағанын көрсетті. Оның айтуынша, Мексика тарапы есірткі картельдерінің АҚШ аумағына таралуына және фентанилді заңсыз өткізудің алдын алуда жеткілікті шаралар қабылдамаған.

АҚШ президенті атап өткендей, егер ЕО мен Мексика өз тауарларын АҚШ аумағында өндіре бастаса, бұл баж салығы алынып тасталуы мүмкін. Сонымен қатар, егер аталған елдер АҚШ енгізген 30 пайыздық баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдаса, Вашингтон бұл елдердің өз тарифтерін қаншалықты көтергеніне байланысты қосымша баж салығын енгізетінін ескертті.

2025 жылғы 2 сәуірде Трамп 185 ел мен аймақтың өнімдеріне қатысты кедендік баж салығы енгізілетінін жариялаған болатын. Жалпыға ортақ 10 пайыздық тариф 5 сәуірде күшіне енді, ал жекелеген тарифтер 9 сәуірден бастап қолданыла бастады. Сол күні АҚШ президенті баж салығының кейбір бөліктерін 90 күнге тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бұл уақытша шешім сауда келіссөздеріне байланысты қабылданғанын Ақ үй түсіндірді. Осы кезеңде жалпыға ортақ 10 пайыздық тариф сақталды.

27 маусымда Трамп АҚШ бірқатар елдерге алдағы екіжақты сауда шарттары – яғни олардың АҚШ нарығына шығаратын тауарларына қатысты тариф мөлшерлемелері туралы шамамен апта жарым ішінде хабарлайтынын нақтылады. Бұл ескертулерді тарату жұмыстары соңғы күндері басталып кеткен.

Еске сала кетейік, Еурокомиссия президенті АҚШ енгізген баж салығына қатысты өз жауабын берген болатын.

Соңғы жаңалықтар