Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы Термез диалогының алғашқы отырысы Өзбекстанда өтеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 19-21 мамыр аралығында Өзбекстанда «Бейбітшілік, достық пен өркендеудің ортақ кеңістігін құру» тақырыбында Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы өзара байланыс жөніндегі Термез диалогының бірінші отырысы өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Термез диалогының алғашқы отырысы Өзбекстанда өтеді
Фото: ӨР Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты

Ауқымды іс-шараны Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Сыртқы істер министрлігі мен Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырып отыр.

Термез диалогына Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа, ТМД, АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінен 200-ге жуық сарапшы, халықаралық және өңірлік ұйым өкілдері, ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары қатысады.

Олар Орталық және Оңтүстік Азияның қазіргі өңіраралық ынтымақтастығын бағамдап, байланыстарды нығайту мүмкіндігін іздестіреді.

Атап айтқанда, қауіпсіздік, орнықты даму, экономикалық өсім мен қаржы ұйымдарының маңызын арттыру мәселелері қатысушылардың басты назарында болмақ.

Іс-шара Өзбекстанның Сұрхандария облысына қарасты Термез қаласындағы «Термез» халықаралық сауда орталығында өтеді.

Қоса кетсек, биыл 5 мамырда Самарқанд қаласында өтуі тиіс болған «Орталық Азия - Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» екінші саммиті кейінге қалдырылған еді.

Соңғы жаңалықтар